
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір әкімі Асайын Байхановпен бірге Екібастұз қаласындағы бірқатар ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорынды аралады.
Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, Үкіметтің жіті бақылауымен аймақтағы ірі өндіріс орындарына инвестиция тарту, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорын – «Богатырь Көмір» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын Қазақстандағы жалпы көмір өндірісінің шамамен 38%-ын қамтамасыз етеді. «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің жылдық өндірістік қуаты 42 млн тонна, мұнда 6,5 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың орташа айлық жалақысы 750 мың теңгеден асады. 2032 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 360 млрд теңге болатын кешенді даму жоспарын жүзеге асыру көзделген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-uiir/press/news/details/1255511?lang=ru

Жауап қалдыру