
Қарағанды облысының қымыз өндірушілері Астанада өткен BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалінде бес бірдей марапатқа ие болды. Олар бірнеше аталым бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Байқауға Қазақстанның әр өңірі мен шетелден келген 59 қымыз өндіруші қатысты. Екі күнге созылған фестивальге 70 мыңнан астам адам келіп, қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылды. Сарапшылар алқасы сусынның дәмі мен сапасын, дайындалу технологиясын және дәстүрлі рецептердің сақталуын бағалады.

«Халық таңдауы» аталымында Қарқаралы ауданы Теректі ауылындағы «Теректінің текті қымызы» жеңімпаз атанды. Жеңімпаз ашық онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. Өнім үшін 7,5 мыңнан астам дауыс берілді.

Гүлбақыт Мағұрыпованың айтуынша, олардың отбасы қымыз өндірумен 13 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінде бұл – нағыз отбасылық кәсіпке айналған. Жұбайы жылқы өсіреді, өзі қымыз дайындайды, ал балалары ата-анасына қолғабыс етеді.
— Бастапқыда биені тек өз отбасымыз үшін ұстадық. Балаларымыз табиғи әрі пайдалы бие сүтін ішсін дедік. Уақыт өте келе бұл іс отбасылық кәсіпке айналды, — дейді Гүлбақыт Мағұрыпова.
Фестивальге отбасы 600 литр қымыз алып барған. Оның 400 литрі алғашқы күні-ақ қонақтарға дәм татуға ұсынылған.
— Қарқаралыда өткен өңірлік фестивальде «Қымыз серті» аталымында жеңіске жеткеннен кейін Астанада да бағымызды сынап көруге бел будық. Алғашқы күннің өзінде-ақ қымызымыздың халыққа ұнайтыны байқалды: алдымен дәмін татып көрді, кейін қайта оралып, сатып алды. Бәсеке өте жоғары болды, әркім сапалы өнім әкелген. Бірақ дәл біздің қымызды халықтың өзі таңдады. Бұл біз үшін ерекше қуаныш әрі үлкен мәртебе, — дейді «Халық таңдауы» аталымының жеңімпазы.

Қарағанды облысының өкілдері «Ем қымыз» аталымында да екі марапатқа ие болды. Ақтоғай ауданындағы Saryterek қымызы күміс жүлде иеленсе, Қарқаралы ауданындағы Sarybel қымызы қола жүлдеге лайық деп танылды.

Қарқаралы ауданындағы «Қарқаралы Ақтерек» бренді «Дәстүр сақтаушы» арнайы сыйлығымен марапатталды. Бұған дейін ол Қарқаралыда өткен облыстық фестивальде өңірдің үздік қымыз өндірушісі атанған болатын.
— Қымыз өндірумен кезінде ата-анамыз айналысты. Соңғы 17 жылдан бері біз де олардың жолын жалғастырып келеміз. Істі бастағанда бір ғана биеміз болды. Қазір шаруашылығымыз айтарлықтай кеңейді. Ендігі мақсатымыз – халықаралық нарыққа шығу, — деді шаруашылық басшысы Бұрхан Жолтаев.

Тағы бір арнайы марапат – «Күміс тостаған» сыйлығы Бұқар жырау ауданындағы Saba брендіне табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1257263?lang=ru

Жауап қалдыру