
Бесқарағай ауданында 80-нен астам автокөлік ерекше профилактикалық іс-шараға қатысты.
Полиция қызметкерлері тасжолдың екі бағытына профилактикалық бекеттер ұйымдастырды. Бұл жолы дәстүрлі құжат тексерудің орнына жүргізушілерге денсаулық жағдайын тексеріп, алыс сапарды қауіпсіз жалғастыруға қаншалықты дайын екендерін бағалау ұсынылды.
Медицина қызметкерлерімен бірлесіп, полицейлер жол қозғалысына қатысушылардың қан қысымын өлшеді. Жүргізушілерге ыстық кофе мен ауызсу ұсынылды.
Көлік тізгінінде ұзақ уақыт болған жүргізушілерге ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері олармен әңгімелесіп, еңбек пен тынығу режимін сақтау қажеттігін түсіндірді, сондай-ақ шаршаудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда қозғалысты жалғастырмауға кеңес берді.
Профилактикалық іс-шараның ерекше форматы жүргізушілер тарапынан оң бағаланды. Олардың көпшілігі қысқа аялдама бірсарынды жолдан бір сәт сергіп, күш жинауға және сапарды көтеріңкі көңіл күймен жалғастыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Осындай профилактикалық бекеттер Абай облысының барлық автожолдарында ұйымдастырылуда.
Іс-шаралардың басты мақсаты — құқық бұзушылықты анықтау емес, ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың алдын алу.
Абай облысы Полиция департаменті еске салады: алыс жолға шығу үшін көліктің техникалық жарамдылығы ғана емес, жүргізушінің жақсы көңіл күйі мен денсаулық жағдайы да маңызды.
Шаршадыңыз ба — аялдап, тынығып алыңыз. Қауіпсіз жол жүргізушінің жауапты шешімінен басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1256284?lang=ru

Жауап қалдыру