«Шахтер» футбол клубының әрбір ойыншысына цифрлық медициналық карта енгізілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандының «Шахтер» футбол клубында енді әрбір ойыншының денсаулық жағдайы цифрлық форматта бақыланады. Қанның кеңейтілген талдауы, жеке медициналық карталар, жүктемені бақылау және дербес тамақтану жүйесі – мұндай заманауи технологиялар команда жұмысында қазіодің өзінде қарастырылған.

Жекешелендіруден кейінгі алғашқы жұмыс нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы клуб басшылығы Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшелері және Ардагерлер кеңесінің өкілдерімен өткен ашық кездесуде баяндады.

Кездесуде бүгінде клубта заманауи технологияларды қолдануға басымдық беріліп отырғаны атап өтілді. Жаттықтырушылар құрамынан бөлек, дене даярлығы, талдау, медициналық сүйемелдеу, психология және қақпашыларды даярлау бағыттары бойынша жеке департаменттер құрылған. Ойыншылардың барлық жаттығулары мен көрсеткіштері бірыңғай цифрлық жүйеге жинақталады.

— Егер футболшының көрсеткіштері қызыл аймаққа өтсе, бұл оның шамадан тыс жүктеме алғанын немесе денсаулығында ақау барын білдіреді. Мұндай жағдайда дәрігерлер бірден жүктемені түзетеді. Әр ойыншының жеке медициналық картасы бар, қанға тұрақты түрде кеңейтілген талдау жүргізіледі. Қажет болған жағдайда дәрумендер мен тамақтану рационы жеке іріктеледі, – деді «Шахтер» академиясының директоры Сергей Якушин.

Оның айтуынша, басты міндет – кәсіби команда мен академия бірыңғай стратегия бойынша жұмыс істейтін, ал академия түлектері кезең-кезеңімен негізгі құрамды толықтыратын толыққанды футбол экожүйесін қалыптастыру.

Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы Жәнібек Садықановтың айтуынша, ашық диалог жанкүйерлерге клубтың даму бағытын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

— Бұл кездесу қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасымен ұйымдастырылды. Ашықтық әрдайым сенім мен құрмет тудырады. Клуб басшылығы команданың дәстүрлері сақталатынын, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту басым бағыттардың бірі болып қала беретінін растағаны маңызды, — деп атап өтті ол.

«Шахтердің» басты спорттық мақсаты өзгерген жоқ – команданы Премьер-лигаға қайтару. Сол күні кешке қарағандылықтар осы мақсатқа тағы бір қадам жақындай түсті: Бірінші лига матчында «Тұранды» 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі екінші орнын сақтап қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1257189?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді