
«Таза Алакөл» акциясы: табиғатты аялауға бағытталған игі бастама
9 шілде күні Алакөл ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды «Таза Алакөл» экологиялық акциясы өтті. Игі бастама Ақши және Көктұма ауылдарының жағалау аймақтарында ұйымдастырылып, оған жергілікті тұрғындар, еріктілер, жастар, демалушылар және белсенді азаматтар қатысты. Жалпы акцияға 60 адам қатысты. Арнайы 12 техника арқылы 20 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Іс-шара «Алакөл Экосистемасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен және «Ұлттық волонтерлік желі» қауымдастығының шағын гранты аясында өтті.
Акцияның негізгі мақсаты – Алакөл көлінің жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазарту ғана емес, тұрғындар мен демалушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа жанашырлықпен қарау және қоғамдық жауапкершілікті арттыру.
Акцияның ашылу рәсімінде Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Аханов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» бағдарламасы табиғатқа деген жанашырлықты арттырып, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Ол Алакөлдің табиғи келбетін сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғын мен өңір қонағының ортақ міндеті екенін айтып, акцияға қатысушыларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ Ырғайты ауылдық округінің әкімі Біржан Мақсұдұлы Тананов қатысушыларға сәттілік тілесе, Алакөл аудандық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Бекзат Есенгелдіұлы Оразалинов табиғатты қорғауға бағытталған мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында жоба жетекшісі, Алакөл ауданының құрметті азаматы, «Алакөл экосистемасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күляра Жұмжұмақызы Бектемисова экологиялық жобаның мақсаты мен міндеттері туралы баяндады. Сонымен қатар қоғамдық бірлестік атынан футболкалар, бас киімдер, арнайы қолғаптар, қоқыс салатын дорбалар, тырмалар, күректер берілді және көл жағалауына 20 қоқыс жәшігі сыйға тартылды.
Бірлескен еңбектің нәтижесінде жағалау тазартылып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға елеулі үлес қосылды.
Акция барысында тұрғындар да өз пікірлерін білдіріп, мұндай бастамалардың өңір үшін маңызы зор екенін айтты. Олар табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Сондай-ақ Алакөлге келетін барлық демалушыларды табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Алакөл» акциясы алдағы уақытта да жалғасып, өңірде экологиялық мәдениетті нығайтуға және Алакөлдің табиғи тазалығын сақтауға өз үлесін қоса береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1255908?lang=ru

Жауап қалдыру