
«Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Достық ауылдық округі бойынша аудан әкімдігінің 2026 жылғы 18 маусымдағы №46-Ө өкіміне сәйкес құрылған ведомствоаралық мобильді топ санитарлық тазалықтың сақталуын бақылау мақсатында ауыл аумағында рейдтік іс-шара жүргізілді. Рейд барысында көшелердің, қоғамдық орындардың, кәсіпкерлік нысандарының және тұрғын үйлерге іргелес аумақтардың санитарлық жағдайы зерделеніп, анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға аумақтарды таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару, арамшөптерді уақытылы ору және абаттандыру қағидаларын сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап абаттандыру қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес тұрғындар мен кәсіпкерлер өзіне тиесілі аумақпен қатар оның айналасындағы 5 метрлік аумақтың тазалығына да жауапты екені ескертілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес:
– алғаш рет құқық бұзушылық анықталған жағдайда ескерту немесе 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады;
– бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 129 750 теңге айыппұл қарастырылған;
– қоқысты белгіленбеген орынға тастағаны үшін 43 250 теңге айыппұл көзделген;
– кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл мөлшері 1 297 500 теңгеге дейін жетеді.
Достық ауылдық округі әкімдігі тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарап, өз аумақтарын ұқыпты ұстауға және ортақ тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-dostyk/press/news/details/1256727?lang=ru

Жауап қалдыру