
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің тазалығын сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба аясында қалалар мен ауылдардың көшелері, саябақтары, аулалары мен қоғамдық орындары тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Тазалық – әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Қоршаған ортаны таза ұстау тек сенбілікке қатысумен ғана шектелмейді. Күнделікті өмірде қоқысты арнайы орындарға тастау, табиғатты ластамау, су мен жер ресурстарын ұқыпты пайдалану, жасыл желекті қорғау – әр адамның азаматтық борышы.
«Таза Қазақстан» акциясына мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, кәсіпорындар, еріктілер мен белсенді тұрғындар белсене қатысып келеді. Бірлескен еңбектің нәтижесінде көшелердің тазалығы артып, қоғамдық орындардың келбеті жақсарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.
Таза әрі көрікті ел – ұлттың мәдениеті мен бірлігінің айқын белгісі. Сондықтан туған жеріміздің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғауға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Табиғатты аялау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Баршамыз бірігіп әрекет етсек, Қазақстанымызды таза, жасыл әрі гүлденген елге айналдыра аламыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1256560?lang=ru

Жауап қалдыру