
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан тұрғын үй құрылыс нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев нысандардағы құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңдегі орындалу барысы, игерілген жұмыстардың көлемі және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Бүгінде Әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан 7 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы аумағы 3,5 гектарды құрайтын тұрғын үй кешенінде 588 пәтер салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталған.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі құрылыс сапасының әр кезеңі қатаң бақылауда болуы керектігін атап өтті. Әрбір атқарылған жұмыс белгіленген құрылыс нормалары мен сапа талаптарына толық сәйкес орындалуы тиіс екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды, апта сайын аппараттық мәжілісте баяндауды міндеттеді.
Сондай-ақ, Әзімбек Пазылбекұлы мердігер мекемелерге тұрғын үйлердің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, оған іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстарын қараша айына дейін толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1256749?lang=kk

Жауап қалдыру