ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰРАНЫ – ЖАППАЙ КӨКПАРДЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰРАНЫ – ЖАППАЙ КӨКПАРДЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
 
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан көкпар – тек ұлттық спорт қана емес, батырлық пен батылдықтың, ептілік пен төзімділіктің, намыс пен бірліктің айқын көрінісі. Ұлы даланың төсінде қалыптасқан бұл ойын ұрпақ бойына қайсарлықты, жылдамдықты, табандылықты сіңіріп, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналып келеді.
 
Жетісай ауданында ұлттық спортты дамытуға және жаппай көкпар өнерін кеңінен насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтарды ұлықтауға арналған «Жетісай тұғыры» салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
 
Іс-шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен Түркістан облыстық жаппай көкпар федерациясының төрағасы Шыңғыс Шүменов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Дәулет Жүнісов пен «Ұлттық спорт клубы» КММ басшысы Ерлан Райымбердиев, аудандық жаппай көкпар федерациясының төрағасы Нұрлан Тасбулатов, сондай-ақ, ардагер шабандоздар, атбегілер мен ұлттық спорт жанашырлары қатысты.
 
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков көкпардың халқымыздың рухани мұрасы екенін атап өтіп, ұлттық спортты дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
 
«Көкпар – қазақтың қайсар рухын, намысы мен жігерін айшықтайтын ұлттық мұра. «Ер қанаты – ат» деген халқымыз үшін жылқы мен көкпар егіз ұғым. Осындай төл спортымызды дәріптеп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық» деген Серік Пірімбеков ұлттық спорттың өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар шабандоздар мен атбегілерге аудан әкімінің алғыс хаттары табыстады. Сонымен қатар, жаппай көкпар додасында үздік танылған аттар, үздік төрешілер және үздік атбегілер арнайы марапаттарға ие болып, сый-құрмет көрсетілді.
 
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, ұлттық өнер мен дәстүрдің үндестігін айшықтай түсті. Ақсақалдардың ақ батасымен қорытындыланған тағылымды шара ұлттық спорттың мәртебесін арттыруға, көкпардың кеңінен насихатталуына және жас ұрпақтың төл мұраға деген құрметін күшейтуге бағытталған маңызды басқосу болды.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1257127?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді