
“Республикалық ветеринариялық зертхана” мекемесінің Шымкент өңірлік филиалында “Мал саулығы — ел амандығы” тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Ветеринария қызметкерлері күніне арналған жиында бірқатар азаматтарға құрмет көрсетіліп, зертханаға арнайы ашық есік күні ұйымдастырылды.
Ел экономикасының маңызды салаларының бірі ауыл шаруашылығы болса, оның тұрақты дамуы мен мал шаруашылығының өркендеуінде ветеринария қызметінің алатын орны ерекше. Ветеринар мамандары тек малдың денсаулығын қорғаушы ғана емес, сонымен қатар, адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапты қызмет атқарады.
Бұл салада еңбек етіп жүрген мамандар күн сайын зор жауапкершілікпен қызмет атқарып, мал ауруларының алдын алу және ауыл шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Іс-шара барысында ветеринария саласының дамуына, өңірлердегі ветеринариялық зертханалардың қалыптасу тарихына және олардың атқаратын маңызды қызметіне арналған бейнеролик көрсетілді.
“Республикалық ветеринариялық зертхана” мекемесінің бас директоры Темірхан Елшібаев ветеринария қызметінің маңыздылығын айта келе, бірқатар азаматтарға мерекелік марапаттарды табыс етті.
Бас директордың мәлімдеуінше, қазіргі таңда елімізде ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздікті нығайту, диагностикалық зертхананы жетілдіру, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бұл мереке еліміздің ветеринария саласында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілген зор құрмет пен айқын сенімнің белгісі. Ветеринария саласы бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басты.
Жиын соңында өңірлік филиал басшылары, ветеринар мамандары, ардагерлер, сала қызметкерлері медальдар және төсбелгілермен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1257106?lang=kk

Жауап қалдыру