
Астанада Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы даладан туған өнер» атты көрме-жәрмеңке өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырады.
Жоба Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге, отандық шеберлерді, дизайнерлерді, суретшілерді және креативті индустрия өкілдерін қолдауға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды заманауи тұрғыда жаңғырту арқылы креативті экономиканы дамытуға бағытталған.
Екі күн бойы келушілер Ұлытау өңірінің шығармашылық әлеуетімен танысып, авторлық зергерлік бұйымдарды, қолөнер туындыларын, кескіндеме жұмыстарын, құрақ көрпе өнерін, Ethno Fashion топтамаларын тамашалай алады. Сонымен қатар отандық шеберлердің бірегей бұйымдарын сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Көрмеде Ұлы даланың мәдениеті мен Алтын Орда дәуірінің рухынан шабыт алған ерекше туындылар ұсынылады.
Көрменің маңызды бөлігі – мазмұнды білім беру бағдарламасы. Қонақтарға былғары өңдеу, ағаш ою, ұсталық өнер, ұлттық музыкалық аспап жасау, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Сондай-ақ танымал шеберлермен, дизайнерлермен және суретшілермен шығармашылық кездесулер, авторлық топтамалардың таныстырылымдары өтіп, ұлттық мұраны қазіргі креативті индустрияда дамыту мәселелері талқыланады.
Бағдарламаның ең жарқын оқиғаларының бірі – Ethno Fashion Show. Онда отандық дизайнерлер Ұлы дала өркениеті мен Алтын Орда мұрасынан шабыт алған жаңа сән топтамаларын көпшілік назарына ұсынады.
Ал алғашқы күннің кеші Jez Acoustic Band тобының концерттік бағдарламасымен қорытындыланады.
Creative Aimaq – «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан республикалық жоба. Оның басты мақсаты – өңірлердің креативті әлеуетін дамыту, отандық брендтерді қолдау және шығармашылық кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеру.
«Алтын Орданың мұрасы: Ұлы даладан туған өнер» көрмесі тарих пен заманауи өнерді тоғыстырып, қазақстандық креаторларға жаңа мүмкіндіктер ашатын бірегей мәдени алаңға айналады.
Өтетін уақыты: 18-19 шілде күндері сағат 10:00–19:00.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1258943?lang=ru

Жауап қалдыру