Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына – 100 жылдығынаорай, «Ақсу-Жабағылы – ғасырлық табиғат шежіресі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 14 шілдеде Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеттік табиғи қорық – Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы 1926 жылғы 14 шілдеде Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен құрылды. Бір ғасыр бойы қорық табиғи экожүйелерді, биологиялық алуан түрлілікті және Батыс Тянь-Шаньның қайталанбас табиғи мұрасын сақтаудың сенімді үлгісіне айналып, еліміздің табиғат қорғау саласының қалыптасуына зор үлес қосып келеді.

Бүгінде қорықтың жалпы аумағы 131 934,3 гектарды құрайды. Мұнда штаттық кесте бойынша 51 қызметкер табиғатты қорғау, ғылыми-зерттеу, экологиялық ағарту және халықаралық ынтымақтастық бағыттарында қызмет атқарады.

Ақсу-Жабағылы қорығы халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі. 2015 жылғы 9 маусымда Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» (MAB) бағдарламасы Халықаралық үйлестіру кеңесінің 27-сессиясында қорық ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді.

Ал 2016 жылғы 17 шілдеде Ақсу-Жабағылы қорығы орналасқан «Батыс Тянь-Шань» трансшекаралық табиғи аумағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізіліп, оның әлемдік табиғи құндылығы халықаралық деңгейде мойындалды.

Қорық Түркістан облысының Түлкібас, Төле би және Бәйдібек аудандары мен Жамбыл облысының Жуалы ауданы аумағында орналасқан. Оның табиғи кешені Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын қамтиды. Сонымен қатар қорық құрамына республикалық маңызы бар «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық бөлімшелері кіреді.

Ақсу-Жабағылы – еліміздің биологиялық алуан түрлілігінің аса маңызды орталықтарының бірі. Қорық аумағында:

  • құстардың – 299 түрі;
  • сүтқоректілердің – 52 түрі;
  • бауырымен жорғалаушылардың – 11 түрі;
  • қосмекенділердің – 3 түрі;
  • омыртқасыз жануарлардың 2124 түрі тіркелген.

Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін жануарлардың 9 түрі қорықта мекендейді. Олардың қатарында Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, Түркістан сілеусіні, Үнді жайрасы, Тянь-Шань архары  және басқа да ерекше қорғауды қажет ететін жануарлар бар.

Қорықтың өсімдіктер дүниесі де ерекше бай. Мұнда:

  • мүктің – 63 түрі;
  • қынаның – 63-тен астам түрі;
  • балдырдың – 64 түрі;
  • саңырауқұлақтың – 235 түрі;
  • жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі, оның ішінде 62 бұта және 17 ағаш түрі өседі.

Бұл Қазақстан флорасының шамамен төрттен бір бөлігін құрайды. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 41 түрі қорықта кездеседі. Солардың ішінде Грейг қызғалдағы, Сиверс жабайы алмасы, Алатау бәйшешегі, көкшіл шиқылдақ, қара арша, Кавказ таудағаны және басқа да сирек өсімдіктер бар.

Ғасырлық тарихында Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы табиғатты қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу, экологиялық ағарту және экологиялық туризмді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Қорық ғалымдардың, табиғат жанашырларының және келушілердің ерекше қызығушылығын тудыратын халықаралық маңызы бар табиғи зертхана ретінде танылған.

100 жылдық мерейтой – өткенге тағзым жасап қана қоймай, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті арттыратын маңызды белес. Ақсу-Жабағылының табиғи мұрасын сақтау – ұлттық қана емес, жаһандық маңызы бар міндет.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы барлық қазақстандықтарды ғасырлық табиғи мұраны бірге қорғауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/forest/press/news/details/1257987?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді