
Жетісу облысында орта білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізудің екінші кезеңі жалғасуда.
Мониторингтің екінші кезеңі аясында Департамент басшысы мен мамандары білім беру ұйымдарына барып, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының нақты жағдайын зерделеуде. Бұл кезеңде мектептердің материалдық-техникалық базасының жай-күйі мен білім алушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілу деңгейіне ерекше назар аударылуда.
Екінші кезеңде облыстың 11 мектебін қамту жоспарланған.
Мониторинг барысында білім беру ұйымдарындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының орындалуы, ғимараттардың санитариялық жағдайы, оқу кабинеттері мен басқа да үй-жайларды тазалау, сырлау және әктеу жұмыстарының сапасы, жылыту, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің жаңа оқу жылына дайындығы қарастырылуда. Сонымен қатар асхана мен тамақтандыру блогының санитариялық-техникалық жай-күйі, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, эвакуациялық жолдардың талапқа сәйкестігі, қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеуі және білім алушылар үшін қауіпсіз, жайлы әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған өзге де дайындық шаралары зерделенуде.
Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті ұсынымдар беріліп, олардың орындалуына бақылау жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастап, оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control-zhetysu/press/news/details/1257940?lang=ru

Жауап қалдыру