
Баспасөз релизі
2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын (бұдан әрі – ҚЭКЖ) салу бойынша инвестициялар туралы келісімдер (бұдан әрі – ИТК) жасалды. Аталған келісімдер шеңберінде электр энергиясына 1 кВт/сағ үшін 55 теңгеден аспайтын тариф көзделген.
ҚЭКЖ тетігін енгізудің негізгі мақсаты – қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, қалдықтарды көму полигондарына түсетін қалдықтар көлемін қысқарту, қалдықтарды кәдеге жарату саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және соның нәтижесінде қалдықтардың қоршаған ортаға теріс әсерін төмендету болып табылады.
Бүгінгі таңда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары Еуропаның көптеген елдерінде, Корея Республикасында, Қытай Халық Республикасында, Жапонияда және басқа да мемлекеттерде табысты іске асырылуда.
Қазақстанда іске асырылатын жобалар Еуропалық Одақтың өнеркәсіптік шығарындылар туралы директивасының талаптарын сақтауды көздейді, бұл атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларын барынша азайтуды қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта облыс орталықтарында әлеуетті инвесторлармен ұқсас шарттарда тікелей ИТК жасасу мәселесі қарастырылуда.
Осы ретте, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасы аумағында ҚЭКЖ жобаларын іске асыруға ниеті мен дайындығы бар мүдделі инвесторлармен өзара іс-қимыл жасауға және бастамаларды жан-жақты пысықтауға дайын екендігін білдіреді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau-upr/press/news/details/1258845?lang=ru

Жауап қалдыру