
«Еңбегі еленген жан»
Шәкен ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» жобасы аясында мал шаруашылығының майталманы, Еңбек ері, Ленин орденінің иегері, озат шопан Жолымбетов Сахи атамызды еске алуға арналған «Еңбегі еленген жан» атты тағылымды еске алу кеші өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған, мал шаруашылығы саласының өркендеуіне зор үлес қосқан Жолымбетов Сахи атамыздың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа таныстыру, еңбекқорлық пен елге қызмет етудің маңызын дәріптеу болды.
Кеш барысында Сахи атамыздың өмірі мен еңбек жолы жайлы естеліктер айтылып, оның ел игілігі үшін атқарған еңбегі мен адамгершілік қасиеттері кеңінен насихатталды. Қатысушылар ардақты азаматтың өнегелі ғұмырын еске алып, жылы лебіздерімен бөлісті. Сонымен қатар, тағылымды естеліктер мен фотосуреттер ұсынылып, оның еселі еңбегі мен ел алдындағы абыройы туралы мазмұнды әңгімелер өрбіді.
Тағылымы мол еске алу кеші жас ұрпақтың бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік және үлкенді құрметтеу сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге бағытталған мазмұнды іс-шара ретінде өз мақсатына жетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-shaken/press/news/details/1258799?lang=ru

Жауап қалдыру