Ербол Қарашөкеев өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру пункттерін құру және мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қауіпті маусымының өту барысы қаралды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, бүгінде өңірде өрт қауіпсіздігін ТЖД-ның 21 бөлімшесі мен жергілікті атқарушы органдардың 24 өрт сөндіру пункті қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда облыстағы 75 елді мекенде өрттен қорғау жүйесі жоқ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында өткен жылы облыста 5 жаңа өрт сөндіру пункті ашылды.

Биылғы жоспарға сәйкес облыста тағы 27 өрт сөндіру пункті құрылады. Оның ішінде 23-і жаңадан салынып, 4 қолданыстағы пункт қайтта жаңғыртылады.

Баяндамашының мәліметінше, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Өрттің қауіпті кезеңі басталғалы 82 адамнан құралған 16 мобильді топ 346 рейд өткізген. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 305 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2 млн 365 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қауіпті маусымға дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Оның айтуынша, Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4 млн 416 мың гектарды құрайды. Оның 2 млн 296 мың гектары немесе 52,3 пайызы орманмен көмкерілген. Ал орман қоры облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.

Өрт қаупі бар маусымға дайындық аясында орманшылықтардағы 41 өрт бақылау мұнарасы мен 20 найзағай бұрғыш толық дайындыққа келтіріліп, 65 өрт бақылау бекетінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Сонымен қатар 3 млн 213,2 мың гектар орман алқабына әуеден бақылау жүргізілуде.

Орман өрт сөндіру станциялары 20 өрт сөндіру автокөлігімен, 30 шағын өрт сөндіру көлігімен, 115 трактормен, 15 әмбебап су цистернасымен және 17 пилотсыз ұшу аппаратымен жабдықталған. Сондай-ақ өрттің алдын алу шаралары үшін 63 мың литр бензин мен 19,5 мың литр дизель отыны әзірленген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1258767?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді