
Формалды негіздер бойынша бас тартусыз заманауи мемлекеттік қызметтер: Қазақстан заңнаманы жетілдіруде
2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Реформаның негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіру және мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының сервистік моделіне көшу болды. Алғаш рет заңнамалық деңгейде мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделі «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты негізінде бекітілді.
Заңмен мемлекеттік қызмет көрсетуден формалды негіздер бойынша бас тартуға жол бермеу қағидаты енгізілді. Егер өтініште қателер болса немесе құжаттар топтамасы толық ұсынылмаса, қызмет алушыға бас тартудың орнына оларды түзету үшін ақылға қонымды мерзім беріледі.
Сондай-ақ қызмет алушы ұғымы кеңейтілді. Енді құқықтарды қорғау тек өтініш берген азаматтарға ғана емес, мемлекеттік қызмет алуға ниет білдірген тұлғаларға да қолданылады. Мұндай жағдайларда техникалық ақаулар орын алса, өтінішті қайта бермей-ақ қызмет алу құқығын сақтауға мүмкіндік беретін «Цифрлық күту парағы» енгізіледі.
Тағы бір жаңашылдық – «бірлескен көрсетілетін қызметті беруші» ұғымының енгізілуі. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қатысатын барлық тараптардың жауапкершілігін айқындауға және әрбір кезеңде мерзімдердің сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, заңнамада мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда мемлекеттік органдардың бас тартудың барлық негіздерін бір мезгілде көрсету міндеті бекітілді. Сондай-ақ жаңа мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидалары олар енгізілген сәттен бастап үш айдан кешіктірілмей бекітілуге тиіс.
Жаңа заңнамалық нормалар мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Өзгерістердің басым бөлігі 2026 жылғы шілде айында күшіне енеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-naurzum-audany-akimat/press/news/details/1258336?lang=ru

Жауап қалдыру