
Бүгін Көкшетау қаласы еліміздің спорт өмірінің орталығына айналып, Қазақстанның барлық өңірінен келген мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні бір арнаға тоғыстырды. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиадаға еліміздің барлық өңірлерінің командалары қатысуда. Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысты.
Салтанатты шара заманауи Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешенінде өтті. 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан республикалық спартакиаданың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және өңіраралық кәсіби ынтымақтастықты нығайту.
Биыл Ақмола облысы алғаш рет мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиаданы қабылдап отыр. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Соңғы жылдары өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалды. Соңғы үш жылда облыста 50-ден астам спорт нысаны пайдалануға берілсе, бүгінде тағы 30-ға жуық нысанның құрылысы жалғасуда.
Осы ауқымды жұмыстардың жарқын үлгісінің бірі – Kokshe Arena спорт кешені. Мұнда олимпиадалық спорттың 12 түрі бойынша жаттығу өткізуге, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға барлық мүмкіндік қарастырылған.
10–17 шілде аралығында спортшылар спорттың он түрі бойынша бақ сынайды. Атап айтқанда, футзал, волейбол, 3×3 баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, қазақ күресі, үстел теннисі, жүзу, теннис және киберспорт. Биыл алғаш рет жарыс бағдарламасына теннис пен киберспорт енгізілді.
Биылғы спартакиаданың маңызын арттыра түсетін тағы бір жайт – оның еліміз жаңа Конституцияның қағидаттарын іске асыру кезеңінде өтуі. Ата Заңда айқындалған әділеттілік, жауапкершілік және қоғамға қызмет ету қағидаттары бұқаралық спортты дамыту мен салауатты ұлт қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясатпен сабақтасып жатыр.
Қатысушыларды құттықтаған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан жаңа Конституцияның қағидаттарын іске асыру кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мемлекет бұқаралық спортты дамытуға және заманауи спорт инфрақұрылымын нығайтуға жүйелі түрде көңіл бөлуде. Осындай жарыстар мемлекеттік қызметшілерді біріктіріп, командалық рухты нығайтады әрі спорттың тәртіптілікке, жауапкершілікке және ортақ мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейтінін тағы бір мәрте дәлелдейді», – деді Марат Ахметжанов.
Ақмола облысының құрамасы да спартакиаданың үздік командаларының қатарында. Өңір спортшылары соңғы жылдары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп, әсіресе жүзу мен үстел теннисі бойынша бірнеше мәрте жеңімпаз және жүлдегер атанып келеді.
Мерекелік бағдарлама Көкшетау қаласының жаңа жағалауында өткен JANA JAGALAU FEST жастар фестивалімен жалғасты. Фестиваль аясында заманауи скейт-парк салтанатты түрде ашылып, Street Ride Contest жарысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар интерактивті алаңдар, фуд-корт және түрлі ойын-сауық аймақтары жұмыс істеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1258002?lang=ru

Жауап қалдыру