«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы: Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы бұлақтың айналасы абаттандырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 Жұмыстар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде жүргізілді.

 Бұл бұлақ көптеген жылдар бойы Ақтөбе облысының тұрғындары арасында кеңінен танымал. Мұнда тұрғындар таза ауыз су алу үшін арнайы келеді. Жүргізілген абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде бұлақ маңы ретке келтіріліп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасалды.

 Жұмыстардың аяқталуына арналған салтанатты шараға облыс әкімі Асхат Шахаров пен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов қатысты. Олар абаттандырылған аумақты аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.

«Бұл – бір ғана бұлақты абаттандыру емес, туған жерге деген құрмет, табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану және келер ұрпаққа деген жанашырлықтың көрінісі. Бұлақтар ежелден ауыл өмірінің ажырамас бөлігі, тіршілік нәрі әрі табиғат тазалығының символы болып келеді. Осындай табиғи нысандарды тазалау және абаттандыру жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде қолға алынуда. Ақтөбе облысында Маржанбұлақтағы жұмыстармен қатар өңірдегі тағы 14 бұлақта тазалау және абаттандыру шаралары жүргізілуде. Ең бастысы – мұндай бастамалардың көбі туған жеріне жанашыр тұрғындардың өздерінен шығып, табиғи су көздерін сақтауға өз үлестерін қосып отырғаны қуантады»,

– деді Асхат Шахаров.

 Жүргізілген жұмыстар барысында Маржанбұлақтағы бұлақтың аумағы толық жаңартылып, келушілерге қолайлы етіп жабдықталды. Бұлаққа апаратын ыңғайлы баспалдақ пен тұтқалар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселді. Бұлақтың көзі табиғи таспен әсемделіп қоршалды.

 Келушілер үшін орындықтар қойылып, күн мен жауын-шашыннан қорғайтын шатыр орнатылды. Аумақ толықтай металл қоршаумен қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, гүлзарлар жасақталды, еңістер бекітілді. Сонымен қатар кіреберіс жолдар мен оған іргелес алаң абаттандырылды.

 Жобаны іске асыру жұмыстары биыл демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 5,9 миллион теңге. Бас мердігер – «Rahmet Group» ЖШС.

 «Мөлдір бұлақ» көп жылдан бері Маржанбұлақ ауылындағы көрікті орындардың бірі саналады. Таза ауыз суымен ерекшеленетін бұл бұлаққа жергілікті тұрғындармен қатар Ақтөбе қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары да жиі келеді.

Іс-шара соңында Асхат Шахаров жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматқа алғыс білдіріп, мұндай табиғи нысандарды сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ал ақсақалдар батасын беріп, Президент бастамасын қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga/press/news/details/1257900?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді