
Қарақия ауданының Мұнайшы ауылы аумағында коммуналдық тәртіпті нығайту және заңсыз су тұтыну фактілерін анықтау бағытында ауқымды мониторингтік тексеру жұмыстары жүргізілді. Рейдтік шаралар аясында Мұнайшы ауылына қарасты Жаңақұрылыс-1, Мұрагер, Ақбөбек-1, Ақбөбек-2, ВПЧ-18 және Салтанат шағын аудандарының тұрғын үйлері толығымен араланды. Тексеріс барысында мамандар әрбір үйдің су есептегіш құралдарының бүтіндігіне, тиісті пломбалардың болуына және желіге қосылу нүктелерінің заңдылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында су ресурстарын үнемді тұтыну мен заң бұзушылықтың салдары туралы түсіндірме жұмыстары қатар жүргізілді.
Тексеру жұмыстары тек тұрғын үй секторымен шектелмей, ауыл аумағында орналасқан ірі өндірістік нысандар мен мекемелерді де қамтыды. Атап айтқанда, «АктауКранТехСервис», «НұрКаспиан», «BBJ Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ «КазАвтоЖол», «Қазақстан темір жолы» мекемелерінің нысандары және ангар типті заманауи Спорт кешені мұқият тексерілді. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің суды тұтыну көлемі мен рұқсат құжаттарының сәйкестігін зерделеу мемлекеттік бақылауда.
Ауқымды тексеру іс-шараларының нәтижесінде өкінішке қарай заңсыздықтар да анықталды. Жүргізілген талдау жұмыстары мен рейд қорытындысы бойынша 1 жеке тұрғын үйден және 3 ірі мекемеден суды тиісті рұқсатсыз, заңсыз пайдалану фактілері белгілі болды. Бұл құқық бұзушылықтар коммуналдық жүйеге түсетін салмақты арттырып қана қоймай, адал тұтынушылардың құқықтарын шектеп, бюджетке айтарлықтай шығын келтіріп отыр. Қазіргі уақытта анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті хаттамалар толтырылып, кінәлі тұлғаларды заң шеңберінде жауапкершілікке тарту және келтірілген шығындарды өндіру шаралары қолға алынды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1258134?lang=ru

Жауап қалдыру