Павлодарда ТЖД құтқарушылары электр көліктеріндегі өртті қалай сөндіретінін көрсетті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Өңірлік коммуникациялар қызметімен бірлесіп, автокөліктердегі өрттің алдын алу тақырыбында көшпелі брифинг өткізді. Іс-шара барысында мамандар өрттің алдын алу шараларын түсіндіріп қана қоймай, жоғары вольтты аккумуляторлардың ерекшеліктерін ескере отырып, электр көлігіндегі өртті сөндіру тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

          Құтқарушылар электр көлігіндегі өртті сөндіру кезінде қолданылатын іс-қимыл алгоритмін таныстырып, басты міндет – тартқыш аккумуляторды мол көлемдегі сумен қарқынды салқындату және қайта тұтанудың алдын алу үшін оның температурасын арнайы бақылауда ұстау екенін түсіндірді. Сонымен қатар мамандар электр көліктерінің техникалық сипаттамалары мен ерекшеліктері арнайы цифрлық қосымшада жинақталғанын, қажет болған жағдайда қызметкерлер сол қосымшаны пайдаланатынын атап өтті.

          2026 жылдың басынан бері Павлодар облысында автокөлік құралдарында 45 өрт тіркелді. Оның ішінде үшеуі газ-баллон жабдығымен жабдықталған көліктерде болған. Өрттердің негізгі себептері – электр жабдықтарының ақауы, қысқа тұйықталу, жанар-жағармай материалдарының ағуы және техникалық қызмет көрсетудің уақытылы жүргізілмеуі.

          Брифинг барысында ТЖД мамандары газ-баллон жабдығы орнатылған көлік иелеріне жабдықты уақтылы диагностикалаудан өткізу, оны тек мамандандырылған ұйымдарда орнату, жүйенің герметикалығын тұрақты түрде тексеру және көлікте әрдайым жарамды өрт сөндіргіш ұстау қажеттігін еске салды.

          Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілерді көлік құралдарын пайдалану қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Газдың иісі, түтін немесе өрттің алғашқы белгілері байқалған жағдайда, көлікті дереу қауіпсіз жерге тоқтатып, жолаушылармен бірге сыртқа шығып, 101 немесе 112 нөмірлері арқылы оқиға туралы хабарлау қажет.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-pavlodar/press/news/details/1258595?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді