Қазақстанда ажырасу деңгейі 34%-ға төмендеді: мәселе Атырауда өткен республикалық форумда талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырауда «Отбасы және гендер: құндылықтар мен заманауи үрдістер» атты республикалық форум өтіп, онда отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесі, гендерлік саясат және цифрлық дәуірдегі тәрбие мәселелері жан-жақты талқыланды.

Форумға еліміздің әр өңірінен келген мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, қоғам қайраткерлері мен жастардан құралған 300-ге жуық адам қатысты.

Жиында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде азаматтардың 82,7%-ы әйел мен ер адамның бала тәрбиесіндегі тең жауапкершілігін қолдайды. Сондай-ақ соңғы жылдары отбасы институтын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде елімізде ажырасу деңгейі 34%-ға төмендегені айтылды.

Форумның ашылуында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов сөз сөйлеп, өңірде жүзеге асырылып жатқан гендерлік саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Ол қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуы ең алдымен отбасы институтының беріктігіне байланысты екенін атап өтті.

Бағдарламаның алғашқы жартысында екі панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда спикерлер отбасы құндылықтарын сақтау, әке мен ананың жауапкершілігі, ұлттық тәрбиенің заманауи үлгілері, әйелдердің қоғамдық өмірдегі белсенділігі және мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара серіктестігі мәселелерін талқылады.

Форумның екінші бөлігі төрт секциялық отырыспен жалғасты. Алғашқы секция ұлттық құндылықтардың отбасы тәрбиесіндегі орнына арналса, екінші секцияда қоғамдағы әке институтын нығайту мен әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі сөз болды. Үшінші секцияда гендерлік мәдениет пен отбасы тұрақтылығы талқыланса, төртінші секцияда жасанды интеллект дәуіріндегі бала тәрбиесі, интернет қауіпсіздігі, цифрлық ата-ана мәдениеті және балаларды цифрлық ортада қорғау мәселелері айтылды.

Іс-шара соңында қатысушылардың ұсыныстары негізінде арнайы резолюция қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1258917?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді