Қимылдаған қыр асады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Талас ауданында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Өндірісі өркендеп, инвестициялық жобалары көбейген өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және еңбек нарығын тұрақтандыру негізгі басымдықтардың біріне айналған.

Бүгінде ауданда 46 987 адам тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 19 400 адам болса, оның 18 500-і жұмыспен қамтылған. Ресми жұмыссыздар саны – 900 адам, ал жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрап, облыстық көрсеткіштен төмен қалыптасқан.

Аудандық мансап орталығының мәліметінше, биыл белсенді жұмыспен қамту шараларына 472 адам тартылған. Оның ішінде 325 тұрғын қоғамдық жұмыстарға, 66 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 21 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 60 азамат «Күміс жас» жобасына жолданған.

Тұрақты жұмыспен қамту да қарқын алған. Жыл басынан бері 690 адам тұрақты жұмысқа орналасса, олардың 581-інің еңбек қатынастары ресми рәсімделген.

Өңірде жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар да жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде. Соның бірі – Қаратау қаласындағы «Talas Investment Company» ЖШС-нің натрий цианидін өндіретін зауыты. Жоба іске қосылғанда 50 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы барысында да жергілікті тұрғындар еңбекке тартылып жатыр.

Жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері 348 жұмыс берушіден 507 бос жұмыс орны бойынша өтінім түсіп, 66 жас «Жастар тәжірибесіне» жолданған. Бұдан бөлек, 202 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.

Кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Бастау бизнес» жобасы аясында тұрғындар кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, мемлекеттік гранттар арқылы өз ісін бастауға мүмкіндік алуда. Биыл 60 азаматқа грант беру жоспарланған.

Сонымен қатар еңбек нарығында мұғалім, дәрігер, логопед-дефектолог, жүргізуші, дәнекерлеуші, электрик, бухгалтер және аспаз мамандарына сұраныс жоғары. Осыған байланысты қысқамерзімді кәсіптік оқыту мен қайта даярлау жұмыстары қолға алынған.

Әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы жұмыс орындары белгіленіп, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың еңбекке араласуына жағдай жасалуда. Электрондық еңбек биржасы арқылы тұрғындар бос жұмыс орындары мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты онлайн алып, өтінім бере алады.

Жыл соңына дейін ауданда жұмыспен қамту саласы бойынша жоспарланған барлық көрсеткіштерді орындау көзделіп отыр. Ең басты мақсат – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Расында, еңбек еткен адам ғана нәтижеге жетеді. Сондықтан қимылдаған қыр асатыны бүгінгі Талас ауданындағы нақты істерден анық байқалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1258256?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді