ҚҚС асып кеткен сомасын қайтару: кімдердің құқығы бар және қандай жағдайларда?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қосылған құн салығының (ҚҚС) асып кеткен сомасын қайтару кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының бірі болып табылады және салық төлеушілерге қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде қалыптасқан салық сомаларын уақытылы өтеуге мүмкіндік береді.

       Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес ҚҚС-тың асып кеткен сомасы деп есепке жатқызылатын салық сомасының есептелген салық сомасынан асып түсуі танылады. Мұндай асып кету ҚҚС бойынша декларацияда есепті салық кезеңінің соңына қарай өспелі қорытындымен қалыптасады.

       ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару құқығы салық төлеушілердің жекелеген санаттарына беріледі. Оларға мыналар жатады:

-ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын салық төлеушілер;

-жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттар шеңберінде қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілер (кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда);

       Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға енгізілетін өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде салуға байланысты тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алатын салық төлеушілер.

        Сонымен қатар, заңнамада ҚҚС-тың асып кеткен сомасы қайтарылмайтын жағдайлар да белгіленген. Атап айтқанда, келесі салық сомалары бойынша қайтару жүргізілмейді:

агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымдар жазып берген шот-фактуралар бойынша есепке жатқызылған салық сомалары;

салық міндеттемесін заттай нысанда орындау есебіне берілетін пайдалы қазбаларға байланысты тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызылған салық сомалары;

салық төлеуші қосымша салық сомасын есепке жатқызған салық кезеңдері бойынша қалыптасқан салық сомалары.

       Салық төлеуші ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару туралы талапты кезекті салық декларациясында тиісті талапты көрсету арқылы мәлімдеуге құқылы. Бұл құқық салық заңнамасында белгіленген талап қою мерзімі шегінде жүзеге асырылады.

ҚҚС-тың қайтаруға расталған асып кеткен сомасын қайтаруға негіз болып мыналар табылады:

-жеңілдетілген тәртіппен қайтаруға расталған ҚҚС-тың асып кеткен сомасы туралы хабарлама;

-шағымдану нәтижелері ескерілген салықтық тексеру актісі;

-салықтық тексеру актісіне қорытынды.

        Қайтарылуға жататын сома расталғаннан кейін салық төлеуші орналасқан жері бойынша салық органына салықтық өтініш береді. Осы өтініш негізінде қайтару рәсімі жүзеге асырылады.

       ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Әсіресе бұл экспорттаушылар мен инвестициялық жобаларды іске асыратын ұйымдар үшін маңызды. Қайтару шарттары мен тәртібін білу салық төлеушілерге салықты өтеу құқығын уақытылы іске асыруға және тиісті құжаттарды ресімдеу кезінде қателіктерге жол бермеуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1258668?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді