
Сарыағаш қаласындағы «Ainala» оңалту орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтудың заманауи халықаралық тәсілдеріне арналған үш күндік оқу-тәжірибелік семинар өтіп жатыр.
Семинардың негізгі мақсаты – оңалту саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, қозғалыс реабилитациясының заманауи әлемдік тәсілдері жөнінде білім беру және заманауи техникалық оңалту құралдарын тәжірибеде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру.
Оқыту барысында қатысушылар тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды дұрыс отырғызу, дене қалпын физиологиялық тұрғыдан дұрыс қалыптастыру, қозғалыс белсенділігін арттыру, сондай-ақ жүріп-тұруға арналған ходуноктарды, мүгедектер арбаларын, вертикализаторларды және басқа да техникалық оңалту құралдарын дұрыс таңдау мен қолдану тәсілдерін меңгеруде. Теориялық білім тәжірибелік сабақтармен ұштастырылып, әрбір әдістің нақты балаға әсері көрсетілуде. Бұл тәсілдер балалардың қозғалыс мүмкіндіктерін жақсартып, өздігінен жүру дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Семинарға оңалту орталығының реабилитолог дәрігерлері, педиатрлар, орта медицина қызметкерлері, дефектологтар, логопедтер, психологтар, тәрбиешілер және басқа да бейінді мамандар қатысуда. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында Шығыс Қазақстан облысы мен Түркістан облысының Түлкібас ауданынан келген әріптестер де семинар жұмысына белсенді қатысып жатыр.
Семинарды жоғары санатты дәрігер, Ресейдегі «Move International» бағдарламасының кураторы Кушваха Наталья Геннадьевна және дәрігер-ортопед, нейрореабилитолог Калачев Андрей Сергеевич жүргізуде.
Үш күнге жоспарланған семинардың басты ерекшелігі – қозғалыс реабилитациясының халықаралық стандарттарын тәжірибемен ұштастырып, әр баланың жеке қажеттілігіне сай заманауи оңалту әдістерін қолдануды үйрету. Семинар барысында мамандар өз білімдерін жетілдіріп, ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін оңалту қызметінің сапасын арттыруға бағытталған озық тәжірибелермен танысуда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1258050?lang=ru

Жауап қалдыру