
Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң серпін көрсетті.
Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі өсімге қол жеткізіп, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді.
Аймақта құрылыс жұмыстарының көлемі 22,3%-ға өсіп, 182,5 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 340,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артты. Оның үстіне барлық инвестицияның 85%-дан астамы жеке сектор есебінен тартылған. Бұл Шығыс Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін айқын көрсетеді.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Жыл басынан бері өңірде 151 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Орташа айлық жалақы 438,6 мың теңгеге дейін өссе, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап, республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр.
Өнеркәсіп саласы аймақ экономикасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Ол жалпы өңірлік өнімнің шамамен 40%-ын қалыптастырады.
Өнеркәсіп өндірісінің 87%-ын өңдеу өнеркәсібі құрайды, ал металлургия Шығыс Қазақстанның басты экспорттық саласы ретіндегі маңызын сақтап келеді.
Инвестиция тарту мәселесі де негізгі басымдықтардың қатарында. Қазіргі уақытта облыста жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 102 инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде шамамен 11 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Ірі жобалардың бірі – құны 235 млрд теңгені құрайтын «Алатау Литий» жобасы. Оның аясында тау-кен байыту кешені мен литий концентратын өндіретін кәсіпорын салу жоспарланған.
Агроөнеркәсіп кешенінде де оң өзгерістер байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3%-дан астам өссе, азық-түлік өндірісі 11%-ға артты. Шығыс Қазақстан облысы өсімдік майы, бал, жаңа ауланған балық және қымыз өндіру бойынша республикада көш бастап келеді. Сонымен қатар сүтті мал шаруашылығын дамыту жөнінен жетекші өңірлердің қатарында.
«Жыл соңына дейінгі негізгі міндеттер – инвестиция тартуды күшейту, жаңа өндірістерді іске қосу, тұрақты жұмыс орындарын ашу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, мемлекеттік басқаруды цифрландыру және өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Облыста цифрлық трансформация да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аймақтық талдау орталығы жұмыс істейді, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде, бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптасып келеді. Коммуналдық шаруашылық, экология, қоғамдық қауіпсіздік және азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу бағыттары кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр.
Көлік және туризм инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаражат бөлінуде. Катонқарағай мен Зайсанда әуежайлардың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар өңірдің жол желісі жаңғыртылып, ірі қонақүй және туристік жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр.
Әлеуметтік инфрақұрылым саласында жаңа мектептер, медициналық мекемелер мен спорт нысандары пайдалануға берілуде. Мектепке дейінгі білім беру жүйесі кеңейіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға және тұрғындарды әлеуметтік қолдауға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1257991?lang=ru

Жауап қалдыру