
2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі техникалық шарттарды алу үшін өтініштерді қабылдау рәсімінің толықтай электрондық форматқа көшуі. Сондай-ақ, енгізілген түзетулер табиғи монополиялар субъектілерінің қызметінің ашықтығын арттыруға, цифрландыруды дамытуға және мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Өзгерістер уәкілетті органның өтініштерді қарау және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында қажетті ақпаратты сұрату және алу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Бұл табиғи монополиялар саласындағы заңнама талаптарының сақталуына бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Енгізілген өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды беру рәсімдерін цифрландыру болды. Енді өтініштер тек электрондық форматта «электрондық үкіметтің» веб-порталы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы қабылданады. Табиғи монополия субъектісінің кеңсесі арқылы өтініш беру мүмкіндігі алып тасталды.
Сонымен қатар, табиғи монополиялар субъектілеріне берілген техникалық шарттар туралы мәліметтерді Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне енгізу, сондай-ақ заңнамада көзделген ақпаратты тұрақты түрде орналастырып, өзектендіріп отыру міндеті жүктелді. Бұл инженерлік инфрақұрылымға қосылу рәсімін тұтынушылар үшін анағұрлым ашық, қолжетімді және айқын етеді.
Қабылданған өзгерістер табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы кезең-кезеңімен жетілдірудің, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері, мемлекет және тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи цифрлық тетіктерін дамытудың бір бөлігі болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/krem/press/news/details/1258350?lang=ru

Жауап қалдыру