Тәлімгерлік дәстүрі және қызметтің заманауи бағдарлары: ШҚО ПД Тәлімгерлер кеңесінің жұмысы қорытындыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тәлімгерлік дәстүрі және қызметтің заманауи бағдарлары: ШҚО ПД Тәлімгерлер кеңесінің жұмысы қорытындыланды

15 шілдеде Металлургтер мәдениет үйінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Тәлімгерлер кеңесінің 2026 жылғы екінші тоқсанның қорытындысына арналған отырысы өтті. Жиынға Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері, тәлімгерлер мен ішкі істер органдарының жас қызметкерлері – Өскемен қаласы мен Ұлан ауданының полициясынан барлығы 60-қа жуық өкіл қатысты.

ШҚО ПД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы, полиция полковнигі Марат Баяндинов және Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқанов жиынды ашып, сөз сөйледі. Олар тәлімгерлік институтының маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттың жас қызметкерлердің қызметке бейімделуіне, кәсіби тәжірибе жинақтауына және ішкі істер органдарының озық дәстүрлерін сақтауына үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Отырыс барысында Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Қуат Рахымбердин «Қазақстан Республикасының 2026 жылғы Конституциясы: қоғамға қызмет етудің жаңа философиясы, қазіргі заманғы полицейдің рөлі» тақырыбында дәріс оқыды. Ол қазіргі таңдағы полиция қызметкері – тек билік өкілі ғана емес, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін, оның қызметі «Заң мен Тәртіп» қағидаларына, кәсібилікке және қоғам алдындағы жоғары жауапкершілікке негізделуі тиіс екенін баса айтты.

Спикер қызметкерлердің жан-жақты дамуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, үздіксіз білім алу, дүниетанымның кеңдігі, қарым-қатынас мәдениеті мен қызметтік этиканы сақтау сауатты шешім қабылдап, қызметтік міндеттерді абыроймен атқаруға көмектеседі.

Жиынның практикалық бөлімі ашық диалог форматында өрбіді. Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі Торғаев Бақытжан Құмарбекұлы ,тәлімгер Онжанова Меруерт Саматқызы және жас қызметкер Әли Мәдиұлы тәлімгерлік жұмыс бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, мамандықтағы алғашқы қадамдар, тәжірибелі әріптестердің қолдауы мен ұрпақтар сабақтастығының маңызы жайында ой қозғады.

Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар тәлімгерліктің жас кадрларды кәсіби қалыптастырудың сенімді іргетасы болып қала беретінін атап өтті. Тәжірибе алмасу, жауапкершілікке тәрбиелеу, қызметтік борышқа құрмет және ішкі істер органдарының дәстүріне адалдық кадрлық әлеуетті нығайтуға және қоғам мүддесі үшін полиция жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1258893?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді