Жалға берілетін электрсамокаттар – жаңа ережелер: пайдаланушылар үшін не өзгерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамадағы өзгерістер туралы айтылды.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа талаптар күшіне енді.

Енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа мемлекеттік тіркеу нөмірі беріледі. Бұл автоматты тіркеу камераларына Жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілерін анықтап, құқық бұзушылық жасалған нақты электрсамокатты айқындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті болады.

Өз кезегінде кикшеринг компаниялары: электрсамокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, ретсіз тұраққа қоюдың алдын алуға, электрсамокаттардың есебін жүргізуге, ішкі істер органдарына қажетті мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, егер пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, сервис электрсамокаттың автомобиль жолының жүру бөлігінде қозғалуына жол бермеуі тиіс.

Еске саламыз, электрсамокатпен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүру қажет. Олар болмаған жағдайда қозғалыс жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүзеге асырылады. Тротуармен жүрген кезде ең жоғары жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.

2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады.

Автомобиль жолының жүру бөлігімен тек:18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, қорғаныш дулығасын киген адамдарға ғана жүруге рұқсат етіледі, сондай-ақ: жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелі арқылы электрсамокаттан түспей жолды кесіп өтуге, қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз жолдың жүру бөлігімен жүруге тыйым салынады.

Осы талаптарды сақтау электрсамокаттарды пайдалануды олардың жүргізушілері үшін де, жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін де қауіпсіз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1259092?lang=ru