
Қостанай облысының аумағында қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері пәтерлер мен аулаларды аралап, тұрғындармен кездеседі, заңнама талаптарының сақталуын тексереді, сондай-ақ әкімшілік учаскелерде тұратын азаматтар туралы мәліметтерді нақтылайды. Сонымен қатар тұрмыстық құқық бұзушылықтардың, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, интернет-алаяқтықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады.
Іс-шара Қостанай облысының барлық аумағын қамтиды. Оған учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция, көші-қон қызметі, ювеналдық полиция және ішкі істер органдарының өзге де бөліністерінің қызметкерлері жұмылдырылған.
Департамент тұрғындарды жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырады. Аумақты аралау барысында полиция қызметкерлері кейбір мәліметтерді нақтылап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіп пен жеке қауіпсіздікке қатысты азаматтардың сұрақтарына жауап береді.
Полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде белгіленген үлгідегі қызметтік киімде болады немесе азаматтық киіммен жүрген жағдайда азаматтың алғашқы талабы бойынша қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті. Егер сізге келген адамның полиция қызметкері екеніне күмән туындаса, оның қызметтік куәлігін көрсетуді сұрап, қажет болған жағдайда «102» арнасына хабарласып, мәліметті нақтылай аласыз.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – полиция мен халық арасындағы сенімді нығайту, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді дер кезінде анықтау және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kostanay/press/news/details/1259191?lang=ru

Жауап қалдыру