
Мойынқұм аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадиновтың төрағалығымен 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша аудандық штабтың кезекті отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, ауылдық округ әкімдері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының өкілдері, сондай-ақ коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің жауапты мамандары қатысты.
Отырыстың негізгі мақсаты – алдағы күзгі-қысқы кезеңде тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысын саралап, дайындық деңгейін бағалау болды.
Күн тәртібінде әлеуметтік нысандардағы қазандықтардың техникалық жай-күйі, инженерлік-коммуникациялық желілердің дайындығы, жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарының орындалу барысы, қажетті отын қорын қалыптастыру және электрмен жабдықтау инфрақұрылымының жай-күйі қаралды.
Жауапты мекемелердің басшылары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар жөнінде баяндады. Сонымен қатар зерделеу барысында анықталған кемшіліктер мен оларды жою жолдары кеңінен талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов жылыту маусымына дайындық барысында сапа мен мерзімнің қатаң сақталуы маңызды екенін атап өтті. Ол тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету – барлық жауапты мекемелердің басты міндеті екенін айтып, дайындық жұмыстарына салғырт қарауға жол берілмейтінін жеткізді.
Жиын барысында барлық анықталған ақауларды жылыту маусымы басталғанға дейін толық жою, қазандықтардағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, резервтік жабдықтардың дайын болуын қамтамасыз ету, трансформаторлық қосалқы станциялардағы кемшіліктерді қалпына келтіру және инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ жауапты мекемелерге атқарылған жұмыстардың орындалуын фотоесептер арқылы тұрақты түрде растап отыру, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды күшейту және дайындық барысы туралы аудандық штабқа тұрақты ақпарат ұсынып отыру міндеттелді.
Жиын қорытындысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес әрі сапалы жүргізілуі тиіс екені атап өтіліп, барлық тапсырмалардың орындалуы аудан басшылығының тұрақты бақылауында болатыны жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1259075?lang=ru

Жауап қалдыру