Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі А.М.Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында үстіміздегі жылдың 16 шілде күні Департаменттің Талдау жұмысы бөлімінің басшысы Сихымбай Дінмұхамед Иглікұлымен және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларымен бірлескен профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Түркістан қаласында өткізілген рейд аясында сауда орындары, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсету саласы және басқа да кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек заңнамасының талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілу барысында 6 кәсіпкерлік субъекті қамтылды.
– «АЙНАЗ ТӘТТІЛЕРІ» – 1 және гүл сауда орталықтары – 3 («LA_Rose», «SULTAN Flowers», «SACRET_TUR»). Жалпы сауда нысандары – 4.
– Қоғамдық тамақтандыру орындары – «Аль-Кәусар» кафесі, «Global Coffee». Жалпы қоғамдық орындары – 2. Жалпы саны: 6 кәсіпкерлік субъекті.
«Аль-Кәусар» кафесінде түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған 2 адамның заңсыз (еңбек шартын жасаспай) жұмыс істеу фактілері анықталып, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларымен Ақпаратты есепке алу кітабына (КУИ) тіркелді. Жұмыс берушіні Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін, Түркістан ҚПБ-нан тиісті іс-құжаттар күтілуде.
Рейд кезінде жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптары түсіндіріліп, кәмелетке толмағандардың еңбек қатынастарына қабылдануы кезінде еңбек шартын жасасу, жұмыс уақытының ұзақтығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау мәселелері бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзуға жол бермеу, олардың қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуі және заң талаптарын қатаң сақтау қажеттілігі жөнінде профилактикалық ұсынымдар берілді.
Осындай бірлескен профилактикалық іс-шаралар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алуға және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Жауап қалдыру