
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысып, мал шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті.
Министр барған нысандардың бірі – өңірде құрылысы аяқталуға жақын «Turkestan Agro.kz» ЖШС-нің бордақылау кешені. Жоба бір мезгілде 50 мың бас ірі қара малды бордақылауға есептелген және отандық агроөнеркәсіп саласындағы ең ірі жобалардың бірі саналады.
Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау бордақылау алаңын салуға және заманауи суару жүйелерін енгізуге бағытталған. Бүгінде жоғары өнімді 30 мың бас ірі қара сатып алынды. Кешенді толық іске қосу 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған.
Кешенде өндірістік үдеріс заманауи австралиялық «торлы» технология бойынша жолға қойылған. Бұл жүйе малды тиімді орналастыруға, оның күйзеліске түсуін азайтуға және өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мал азықтандыру, күтіп-бағу және ветеринариялық қызмет көрсету үдерістерінің барлығы автоматтандырылып, халықаралық биологиялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес ұйымдастырылған.
Кәсіпорында өз жемшөп базасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. 7 мың гектар алқапта заманауи жаңбырлатып суару жүйелері енгізіледі, бүгінде 28 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылған. Кәсіпорын тәулігіне 500 тоннаға дейін жемшөп дайындайды. Кешен аумағында сағатына 20 тонна түйіршіктелген құрама жем өндіретін зауыт жұмыс істейді. Алдағы уақытта жылына 1 млн тоннаға дейін жем өндіретін жаңа зауыт салу жоспарланып отыр.
Кәсіпорын өнімдері бүгінде Қазақстанның ішкі нарығында сатылып, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда.
Жобаның келесі кезеңінде бір ауысымда 1,5 мың бас ірі қара мен 5 мың бас ұсақ малды өңдеуге қауқарлы ет өңдеу кешенін салу көзделген. Кәсіпорын шикізатты терең өңдеп, ішкі нарыққа және экспортқа, оның ішінде Қытай мен Түркияға жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталады.
Жұмыс сапары аясында министр «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің ет өңдеу комбинатын да аралады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың тонна ет өңдеуге жетеді. Бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік бар. Өндірілген өнімнің 50%-ға дейіні экспортқа жөнелтіледі.
Кәсіпорындарды аралау қорытындысы бойынша Айдарбек Сапаров Түркістан облысында өндіріс, бордақылау, өңдеу және экспортты өзара ұштастыратын заманауи ет кластері кезең-кезеңімен қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде біздің алдымызда мал басын көбейту ғана емес, толық өндірістік циклді қамтитын, заманауи әрі бәсекеге қабілетті етті мал шаруашылығы жүйесін қалыптастыру міндеті тұр. Біз инвестициялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, жемшөп базасын нығайтып, озық технологияларды енгізіп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытып, өңдеу қуаттарын кеңейтіп келеміз. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында мал шаруашылығы отандық агроөнеркәсіп кешенінің негізгі өсім нүктелерінің біріне айналып келеді. Мемлекет инвестиция тартуға және саланың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасауды жалғастырады», – деді министр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1259361?lang=ru

Жауап қалдыру