
«Әлімбет» өткізу пункті – өңірдің шекара маңы инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың бірі. Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етіп, сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарады. Жобаны іске асыру өткізу қабілетін арттыруға, қозғалысқа қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.
Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы, мердігер ұйым – «QSM Engineering» ЖШС.
Жобаның жалпы құны – 16,675 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталды. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысып, мердігер ұйым өкілдерімен жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау мәселелерін талқылады.
Мердігер ұйымның басшысы Сергей Герценнің айтуынша, «Әлімбет» өткізу пунктінің өткізу қабілеті қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін айтарлықтай артады.
«Өткізу пунктінде әр бағыт бойынша төрт жолақ қарастырылған, оның біреуі ірі габаритті көліктерге арналған. Процестерді автоматтандырудың арқасында автокөліктерді өткізу уақыты да қысқарады. Әрбір көлікке шамамен 4 минут жұмсалады. Бұл мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде тану жүйесі мен деректер базасымен интеграциялау арқылы жүзеге асады. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде, қаржыландыру мәселесі жоқ. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Сергей Герцен.
«Әлімбет» өткізу пунктін жаңғырту Ақтөбе облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға, шекара маңы ынтымақтастығын нығайтуға және азаматтар мен сыртқы саудаға қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға елеулі үлес қосады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1260027?lang=ru

Жауап қалдыру