
Ерейментау ауданында етті мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Жиында саланы дамытудың кешенді жоспарын іске асыру тетіктері мен экспортқа бағдарланған ет кластерін құру мәселелері қаралды. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, агробизнес өкілдері және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.
Кеңесті ашқан Марат Ахметжанов мұндай кездесудің дәл Ерейментау ауданында өтуі символдық мәнге ие екенін атап өтті. Өйткені дәл осы өңірде озық технологияларға, якорлық кооперация қағидатына және цифрлық шешімдерге негізделген ауқымды ет кластерін құру жобасы жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Ақмола облысында мал шаруашылығын қарқынды дамытуға барлық қажетті алғышарттар бар екенін айтты. Атап айтқанда, өңірде жайылымдық жерлер жеткілікті, жемшөп базасы қалыптасқан, географиялық орналасуы қолайлы әрі логистикалық мүмкіндіктері жоғары. Сонымен қатар, облыс халықаралық ынтымақтастықты дамытып, әлемнің озық тәжірибелерін енгізіп келеді.
Кездесу барысында өңір делегациясының Канадаға жасаған жұмыс сапарының қорытындыларына ерекше назар аударылды. Облыс әкімінің айтуынша, сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – TELUS Agriculture & Consumer Goods канадалық компаниясымен агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау бағытында стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол жеткізу болды. Кейін компания мамандары Ақмола облысына келіп, бірлескен жұмыстың нәтижесінде Бірыңғай цифрлық ет кластерінің тұжырымдамасы әзірленді.
Жоба аясында Ерейментау ауданында жалпы қуаттылығы 20 мың бас қалмақ тұқымды ірі қараға арналған үш репродуктор, 30 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынып, шамамен 300 фермерлік шаруашылық бірыңғай өндірістік кооперацияға біріктіріледі. Жобаны іске асыру үшін «Игілік», «Береке» және «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламалары аясындағы жеңілдетілген несиелеу тетіктерін пайдалана отырып, асыл тұқымды мал импорттау жоспарлануда.
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов етті мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар, аграршылар тауарлық кредиттеу тетіктерін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар ветеринариялық қауіпсіздік, жемшөп өндірісін дамыту және малды күтіп-бағудың заманауи технологияларын сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударды.
Кеңес қорытындысында Марат Ахметжанов бүгінде мемлекет тарапынан етті мал шаруашылығын жедел дамытуға барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
«Басты мақсат – мал басын көбейту ғана емес, оның өнімділігін арттыру. Ол үшін малды күтіп-бағу технологияларын қатаң сақтау, жемшөп базасын нығайту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және салаға қатысушылардың жауапкершілігін арттыру қажет», – деді өңір басшысы.
Семинар аясында ветеринария саласының бірқатар қызметкерлері мемлекеттік наградалармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кету керек, экспортқа бағдарланған ет кластері жобасын іске асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай облыстағы ірі қара мал басын 1,3 миллион басқа дейін жеткізу, ет өндірісін үш еседен астам ұлғайту және өңірдің экспорттық әлеуетін айтарлықтай нығайту көзделіп отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1260052?lang=ru

Жауап қалдыру