БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАРДЫҢ БІРІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ауданда білім беру сапасын арттыру, оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау және балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Аудан басшысы білім беру саласын дамыту ауданның стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, сапалы білім беру мен жас ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді.
– Жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – ауданымыздағы басым бағыттардың бірі. Білім беру жүйесін дамыту, дарынды оқушыларды қолдау және балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
2025–2026 оқу жылында аудан мектептерін 585 түлек аяқтады. Олардың 494-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, көрсеткіш 84,4 пайызды құрады. Түлектердің орташа балы – 85,6. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 89 оқушы 100 және одан жоғары балл жинап, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Білім сапасының артуы оқу жетістіктерінен де көрініс тапты. Биыл 53 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісінің, ал 70 түлек «Үздік аттестаттың» иегері атанды. Сонымен қатар, жыл басынан бері ауданның 247 оқушысы халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен түрлі білім бәйгелерінде жүлделі орындарға ие болып, аудан мерейін үстем етті.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да оң көрсеткіштер қалыптасқан. Бүгінде аудандағы 3–6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылу деңгейі 100 пайызды құрайды.
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды тынығуын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Тереңөзек кентіндегі «Жалын» балаларды сауықтыру лагерінде бүгінгі күнге дейін 7 ауысым ұйымдастырылып, 791 бала жазғы демалысын тиімді өткізуде. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен Шымкент қаласындағы «Машат» сауықтыру лагерінде 100 бала тынықса, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына бөлінген квота аясында 65 оқушы демалып қайтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya-besaryq/press/news/details/1259774?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді