
Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елорда әкімдігінің қолдауымен Астанада ашылған Орталық Азиядағы алғашқы әлеуметтік бастамаларды қолдау орталығы – Social Innovation Hub-қа барды.
Сапар барысында министрге хаб алаңында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Солардың бірі – инклюзивті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған әлеуметтік дүкен. Мұнда Қазақстан мен Қырғызстанның 12 компаниясы шығарған дамытушы ойыншықтар, дизайнерлік киімдер, кәдесыйлар және мүгедектігі бар азаматтардың қолымен жасалған басқа да өнімдер ұсынылған.
Министр сондай-ақ менталды ерекшеліктері бар азаматтар еңбек ететін ARQA инклюзивті кофеханасының жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, кофехана базасында есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы «Бариста» курсы жүргізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Бүгінге дейін бес оқу легі өткізіліп, 50-ге жуық адам жаңа мамандықты меңгерген.
Сапар аясында Асқарбек Ертаев әлеуметтік бастамаларды тұрақты бизнес-жобаларға айналдыруға бағытталған «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» бағдарламасының қатысушыларымен кездесіп, сөз сөйледі.
Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып жүрген және осы бағытқа енді қадам басқан кәсіпкерлермен өткен ашық диалог барысында министр бүгінде мемлекет қарапайым субсидиялау моделінен инклюзивті бизнесті дамытудың толыққанды экожүйесін қалыптастыруға көшіп жатқанын атап өтті.
«Біз қолдау тетіктерін түбегейлі қайта қарастырып жатырмыз. Биыл министрлік субсидияланатын жұмыс орындарын бөлудің сараланған тәсілін енгізді. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік жұмыспен қамту шараларына кеңінен жол ашады. Нәтиже де айқын: 2023 жылдан бері аталған бағытқа 900-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер тартылып, олардың арқасында еліміз бойынша 9,7 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жаңа мүмкіндіктерге ие болды», – деді Асқарбек Ертаев.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің» негізін қалаушы әрі Social Innovation Hub жетекшісі Эмин Аскеров министрдің келуі инклюзивті кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.
«Social Innovation Hub инклюзивті тәжірибелерді біріктіретін жетекші алаң ретінде құрылды. Мемлекетпен, соның ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жүргізіліп отырған ашық әрі сындарлы диалогтың арқасында біз жобаларымыздың ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қолдауды ерекше қажет ететін азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашамыз», – деді Эмин Аскеров.
Іс-шараға әлеуметтік кәсіпкерлер, азаматтық қоғам өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты, Қабанбай батыр ауылындағы Қазақстандағы алғашқы инклюзивті фитнес-орталықтың негізін қалаушы Динара Наумова, сондай-ақ Асет Ахмадиев, Сәуле Оқутаева және басқа да қоғам белсенділері болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1259876?lang=ru

Жауап қалдыру