
21–29 шілде аралығында Өскеменде «Oskemen Open-2026» халықаралық шахмат фестивалі өтеді. Фестивальдің басты оқиғасы – ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан кубогының екінші кезеңі. Аталған халықаралық дода Өскеменде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Фестиваль аясында Masters және Open атты екі турнир өтеді. Masters турниріне 16 елден 79 шахматшы қатысады деп жоспарланған. Олардың қатарында 22 гроссмейстер (GM), бір әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) бар.
Бастапқы рейтингтік тізімнің көшін 2026 жылғы 1 шілдедегі FIDE рейтингі 2600 ұпайдан асатын бес гроссмейстер бастап тұр. Олар – әлем чемпиондығына үміткерлер турнирінің қатысушысы Андрей Есипенко (FIDE), халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері Максим Чигаев (Испания) пен Шант Саргсян (Армения), «Aktobe Open 2024» турнирінің күміс жүлдегері Александр Предке (Сербия), «Almaty Region Open. Qonaev Cup 2025» турнирінің жеңімпазы Адитья Миттал (Үндістан).
Алаң иелері сапында гроссмейстерлер Денис Махнёв, Алдияр Ансат, Қазыбек Нөгербек, Рамазан Жалмаханов, Әлішер Сүлейменов, Эдгар Мамедов және халықаралық шебер Даниял Сапенов бақ сынайды. Әйелдер арасында Полина Шувалова (FIDE) мен Шуби Гуптаға (Үндістан) Лия Құрманғалиева, Аланна Берікқызы, Аяру Алтынбек және Аяулым Қалдарова бәсекелес болады.
Open турниріне 121 спортшы тіркелген. Masters турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры – 45 миллион теңге, ал Open турнирінің жүлде қоры – 5 миллион теңге. Екі жарыс та классикалық уақыт бақылауымен (90+30) швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан өткізіледі.
«Oskemen Open-2026» – ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан кубогының екінші кезеңі. Ақшалай сыйақымен қатар алғашқы 20 орынға ие болған спортшылар Қазақстан кубогының жалпы есебіне ұпай жинайды. Үшінші, қорытынды кезең 12–20 қазан аралығында Атырауда өтсе, финал желтоқсан айында Астанада ұйымдастырылады.
Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, бірқатар компания мен ақпараттық серіктестің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Олардың қатарында «Еуразия бірінші арнасы», DK News, Ult.kz, Sportinform.kz, Sport+, Qazsport, NewTimes, Bes.media және «Курсив» бар.
Фестивальдің алғашқы күні мен өтетін орны: 21 шілде сағат 14:30-да, Үстел теннисі орталығы (Қаныш Сәтбаев даңғылы, 82/8).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1259632?lang=ru

Жауап қалдыру