
Қала бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бүгін, 15 шілде күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс 55 сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы М.Әбдіқалықов төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібіне «2026-2028 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №314-45/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі шығарылып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Ұсынылып отырған түзетулер қала бюджетінің кіріс бөлігін нақтылауға, республикалық және облыстық бюджеттерден түсетін нысаналы трансферттерді, бюджеттік кредиттерді, қарыздарды өтеу мерзімдерінің өзгеруіне байланысты түзетулерді, сондай-ақ бюджет қаражатының пайдаланылмаған қалдықтарын ескеруге бағытталған.
Атап айтқанда, тиісті қаражаттар әлеуметтік төлемдерді уақтылы жеткізуге және әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен шығармашылық жобаларды өткізуге, бұқаралық спортты дамытуға, спорттық турнирлер мен жарыстар ұйымдастыруға, жастарды спортқа тартуға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, құрылыс және газдандыру жобаларын іске асыруға, жер қатынастары, жерге орналастыру және техникалық құжаттамаларды рәсімдеуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, көгалдандыру мен абаттандыруды жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға, мемлекеттік органдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталмақ.
Сессия қарауына шығарылған мәселелерді қарау барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Депутат Ғ.Байсеитов: Құдабаев көшесіне жасалған ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапасына бақылау жасау, жаз мезгіліндегі қаланың ауыз су қысымының төмендігі және ауыз су сапасына қатысты тиісті жұмыстарды атқару, депутат М.Есжанов: Талсуат ауылдық округінің кіре берісінде орналасқан «Дружба» және «Строительный» саяжайларының ауыз су мәселесін шешу, ауылдық округтердегі ойын-спорт алаңдарын күрделі жөндеуден өткізу, күтіп-ұстау, жауапты мекеме белгілеу, депутат А.Мұсабаева: отбасылық құндылықтарын сақтауға қатысты қазіргі уақытта үнемі көтеріліп жүрген әлеуметтік бес кеселдің (вандализм, ысырапшылық, зорлық-зомбылық, нашақорлық, лудомания) алдын алу бағытындағы жұмыстарға қаржы бөлуді қарастыру ұсынылды.
Сессия отырысына қала әкімінің орынбасары Е.Тұрабаев, қалалық кірістер басқармасы, қалалық мекемелер мен дербес бөлімдердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Сессия қарауына шығарылған мәселе толық қаралып, тиісті шешім қабылданды. Сессия жұмысы «Youtube» (ютуб) арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-orda/press/news/details/1259328?lang=ru

Жауап қалдыру