
Еңбек қатынастарында жұмыскерге қосымша жұмысты орындау қажеттілігі жиі туындайды. Бұл ретте қоса атқару мен қоса жұмыс істеу қосымша жұмысты орындаудың әртүрлі нысандары болып табылады. Олардың құқықтық негіздері, ресімдеу тәртібі, еңбекақы төлеу және еңбек кепілдіктерін беру тәртібі әртүрлі.
Қоса атқару
Лауазымдарды қоса атқару, қызмет көрсету аймағын кеңейту және уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін орындау Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 111-бабымен реттеледі.
Қоса атқару кезінде жұмыскер негізгі жұмысынан босатылмай, белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығы шегінде қосымша жұмысты орындайды.
Қосымша жұмысты орындағаны үшін жұмыскерге міндетті түрде қосымша ақы төленеді. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 111-бабына сәйкес қосымша ақының мөлшері орындалатын жұмыстың көлеміне қарай жұмыскер мен жұмыс берушінің келісімі бойынша айқындалады.
Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың жұмыскерлері үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына 18-қосымшаның 5-тармағына сәйкес лауазымдарды қоса атқарғаны үшін лауазымдық айлықақының 50 пайызына дейін қосымша ақы белгіленген.
Жұмыскер қосымша жұмысты орындаудан бас тартуға, ал жұмыс беруші екінші тарапты кемінде үш жұмыс күні бұрын хабардар ете отырып, қосымша жұмысты орындау туралы тапсырманың күшін жоюға құқылы.
Лауазымдарды қоса атқару туралы мәліметтер Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) және еңбек кітапшасына енгізілмейді.
Қоса жұмыс істеу
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі 1-бабының 1-тармағының 56) тармақшасына сәйкес қоса жұмыс істеу – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында жеке еңбек шарты негізінде басқа тұрақты ақы төленетін жұмысты орындауы.
Қоса жұмыс істеу сол жұмыс берушіде де, басқа жұмыс берушіде де жүзеге асырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 68-бабының 3-тармағына сәйкес негізгі жұмыс орны мен қоса жұмыс істеу бойынша жұмыстың жалпы ұзақтығы белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығынан күніне төрт сағаттан артық аспауға тиіс.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі 26-бабының 2-тармағының 5) тармақшасында қоса жұмыс істеуге жол берілмейтін жұмыскерлердің санаттары айқындалған.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 32-бабының 4-тармағына сәйкес басқа жұмыс берушіге қоса жұмысқа орналасу кезінде жұмыскер негізгі жұмыс орны бойынша еңбек жағдайлары мен жұмыстың сипаты туралы анықтама ұсынады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабының 2-тармағына сәйкес, егер аталған лауазымға бұл жұмыс негізгі жұмыс орны болып табылатын жұмыскер қабылданса, қоса жұмыс істеушімен жасалған еңбек шарты бұзылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес қоса жұмыс істейтін жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмыс орны бойынша еңбек демалысымен бір мезгілде беріледі.
Қоса жұмыс істеу кезінде жеке еңбек шарты жасалатындықтан, жұмыскерге еңбек заңнамасында көзделген барлық еңбек құқықтары мен кепілдіктер беріледі. Қоса жұмыс істеу туралы мәліметтер Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізіледі, сондай-ақ жұмыскердің өтініші бойынша еңбек кітапшасына да енгізіледі.
Негізгі айырмашылықтары
Негізгі айырмашылық қосымша жұмыстың орындалу тәртібіне байланысты.
Егер қосымша жұмыс негізгі жұмыстан босатылмай жұмыс уақытында орындалса, бұл – қоса атқару.
Ал егер қосымша жұмыс негізгі жұмыстан бос уақытта жеке еңбек шарты негізінде орындалса, бұл – қоса жұмыс істеу.
Еңбекақы төлеу ерекшеліктері
Қоса атқару кезінде жұмыскерге Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 111-бабында белгіленген тәртіппен қосымша ақы төленеді.
Қоса жұмыс істеу кезінде жұмыскер жеке еңбек шарты бойынша дербес жалақы алады және еңбек заңнамасында көзделген барлық еңбек құқықтары мен кепілдіктерге ие болады.
Сондықтан қосымша жұмысты ресімдеу кезінде оның қоса атқару немесе қоса жұмыс істеу болып табылатынын дұрыс айқындаудың маңызы зор. Себебі бұл еңбек қатынастарын ресімдеу тәртібіне, еңбекақы төлеуге, еңбек кепілдіктерін беруге және еңбек заңнамасы нормаларын қолдануға тікелей әсер етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-lab/press/news/details/1259296?lang=ru

Жауап қалдыру