Қосестекте жаңа сүт өңдеу өндірісі іске қосылуға дайындалып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Қарғалы ауданында облыс әкімі Қосестек ауылындағы кәсіпкерлік, өңдеу өнеркәсібінің дамуы және табиғи ресурстарды сақтау бағытындағы жұмыстарды бағамдады.

Қосестек – Қарғалы ауданындағы әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы, шағын бизнес қарқынды дамып келеді. Жақын арада сүт өңдеу цехы іске қосылады. Ауылдық округ аумағында 4 ЖШС мен 36 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 54 мың гектардан асады, оның 11 мың гектардан астамы – егістік алқаптар.

Облыс әкімі «Біздің Таңдау» брендімен сүт өнімдерін шығаратын «Гейзер» ЖШС салып жатқан жаңа цехті аралады.

Қазіргі уақытта кәсіпорын Ақтөбе қаласында жалға алынған өндірістік алаңда жұмыс істейді. Мұнда шаруа қожалықтары мен тұрғындардан жиналған шикізаттан қымыз, айран, қаймақ, сары май, ерітілген май, сүзбе, йогурт және өзге де сүт өнімдері өндіріледі.

«Гейзер» ЖШС құрылтайшысы Әнуар Төлепбайдың айтуынша, Қосестек ауылында жеке сүт өңдеу өндірісін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарланған.

«Жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін тәулігіне 3 тоннаға дейін сүт өңдеуді жоспарлап отырмыз. Кәсіпорында шамамен 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Біздің мақсатымыз – жергілікті шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыру», – деді Әнуар Төлепбай.

Қазіргі таңда Ақтөбедегі кәсіпорында 7 адам еңбек етеді. Ал Қосестектегі жаңа цех ашылғаннан кейін тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Облыс әкімінің сөзінше, ауылдық жерлерде өңдеу кәсіпорындарын дамыту аса қажет.

«Ауыл шаруашылығы өнімдері тек өндіріліп қана қоймай, өңірдің өз ішінде өңделуі қажет. Мұндай кәсіпорындар қосылған құн қалыптастырып, жергілікті өндірушілерді қолдауға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Асхат Шахаров.

Қосестек ауылында өңір басшысы Қарғалы орман шаруашылығында болып, табиғи қорды сақтау және орман алқаптарын қалпына келтіру мәселелеріне назар аударды.

Қарғалы орман шаруашылығы «Ақтөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ құрамына кіреді, 5 523 гектар аумағы бар. Мұнда орман шаруашылығы мамандары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушылары орман алқаптарын күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде.

Орман қорын қалпына келтіру мақсатында 2025–2026 жылдары қарағаш, тал-терек және қайың көшеттері отырғызылды. Орман шаруашылығы және өрттің алдын алу шараларын жүргізуге қажетті техника, оның ішінде тракторлар, өрт сөндіру автокөлігі және арнайы техникамен толық қамтамасыз етілген.

«Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі Жайна Қуаныш Қарғалы орман шаруашылығында еңбек етеді. Ол ағаш көшеттерін отырғызу, орман алқаптарын күтіп-баптау және аумақты абаттандыру жұмыстарына қатысады.

«Табиғатты қорғап, жасыл желекті күтіп-баптау – әрқайсымыздың міндетіміз. Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа қосылған үлес. Орманды сақтау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – деді Жайна Қуаныш.

Асхат Шахаров орман қорын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

«Орман – ерекше күтімді қажет ететін маңызды табиғи байлық. Сондықтан көгалдандыру жұмыстарын жалғастырып, орман алқаптарына күтім жасау сапасын арттыру және жастарды экологиялық жобаларға кеңінен тарту қажет», – деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров сондай-ақ «Ақтөбе – Орск» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 46–70 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарының барысын бағамдалы.

Жөндеу жұмыстарына «Агрофирма Көквест» ЖШС жауапты. Жобаның жалпы құны – 3,016 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың қараша айына дейін аяқтау жоспарланған.

Осы учаскеде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары асфальт-бетон жабынының сапасын бақылау мақсатында сынамалар алып, зертханалық сараптама жүргізу процесін көрсетті.

Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Өнербаевтың айтуынша, биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 130 шақырымын жөндеу жоспарланған. Былтыр облыстық маңызы бар жолдардың 30 шақырымы жөнделген. Ал жалпы ұзындығы 174 шақырымды құрайтын аудандық жолдарды жөндеу жұмыстарының 83 пайызы орындалған.

Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, барлық жобаның сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1259282?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді