
Шымкент қаласында 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа үміткерлердің бизнес-жобаларын іріктеу жөніндегі комиссияның отырысы өтуде.
Грант берудің алғашқы легінде әлеуметтік осал санатқа жататын 435 азамат Business.enbek.kz порталына өз бизнес-жобаларын жүктеген. Қазіргі таңда үміткерлер комиссия алдында жобаларын офлайн форматта қорғап жатыр.
Комиссия отырысының барысы Еңбек мобильділігі орталығының ресми Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілуде. Трансляция эфир аяқталғаннан кейін де парақшада сақталады.
Комиссия мүшелері әрбір жобаны жеке бағалап, оның өміршеңдігіне, үміткердің таңдаған саладағы тәжірибесіне, жобаның нарықтағы сұранысына және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетіне басымдық беруде.
Биыл қайтарымсыз грант көлемі 400 АЕК-ті құрайды. Бұл – 1 730 000 теңге.
Айта кетейік, грантқа көпбалалы отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар, сондай-ақ еңбек қызметіне медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар үміткер бола алады.
Грант қаражатын несие өтеуге, тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға, шетел валютасын, бағалы қағаздар мен цифрлық активтерді сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге, сондай-ақ заңмен тыйым салынған қызмет түрлеріне жұмсауға жол берілмейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-zhumys-aleumettik-korgau/press/news/details/1259482?lang=ru

Жауап қалдыру