Елордада бастауыш сынып педагогтерінің республикалық жазғы сессиясы аяқталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада «Бастауыш мектептің жазғы сессиясы: Сапалы өзгерістер және кәсіби даму» республикалық семинары өз жұмысын аяқтады.

Семинар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын, «Заң мен Тәртіп» қағидатын және жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізудің басым бағыттары талқыланып, педагогтер жаңа оқу жылына қатысты тәжірибе алмасты.

Қорытынды күні Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог алаңы өтті. Сұрақ-жауап форматындағы кездесуде педагогтер жаңа оқу жылына дайындық, бастауыш білім мазмұнын жетілдіру, мұғалімдерді әдістемелік қолдау, жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде пайдалану және өзге де өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Семинардың қорытынды бөлімінде қатысушылар өткен екі күннің нәтижесін саралап, жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын негізгі бағыттарды талқылады. Сонымен қатар жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде тиімді қолдану, балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және заманауи оқыту тәсілдері бойынша тәжірибе алмасты. Сессия соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Республикалық жазғы сессия еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бастауыш білім беруді дамытуға бағытталған ортақ тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Осындай кәсіби диалог алаңдары білім беру жүйесіндегі өзгерістерді педагогикалық қауымдастықпен бірлесіп талқылап, оларды тәжірибеде тиімді іске асыруға негіз қалайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1260136?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді