
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптайды.
Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз.
Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді.
Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді.
Серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырамыз және барлық мүдделі тараптарды нақты іс-жүзіндегі шараларды бірлесіп әзірлеуге үндейміз. Халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтау ғана осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейді деп есептейміз.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Оның қорытындылары бойынша Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады.
Қазақстан Республикасы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін атап көрсетеді, халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілділігін растайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1260128?lang=ru

Жауап қалдыру