
Халқымызда «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген аталы сөз бар. Бұдан елу жыл бұрынғы, яғни 1976 жылғы Қазақстанды еске алсақ, нақтырақ айтқанда Қазақстандағы қазақ тілі туралы айтсақ, жағдай мәз емес еді. Ал бүгін елу жылда жаңарған елге байыппен көз тастасақ, қазақ тілінің өрісі әлдеқайда кеңейіп, ел аумағынан ары өтіп, мұхит асып кеңейгенін анық көреміз.
Қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, оны алыс-жақын шетелдерде насихаттау ісін «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына» қарасты Абай институты жүзеге асырып келеді.
Институт 2020 жылы құрылып, әлемнің 5 мемлекетінде қазақ тілі сыныптарын ашқан болатын. Қазір Қазақстан Республикасында Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының «Тіл қоғамдық қатынастар саласында» 7-тарауының 5-бөліміндегі «Тіл үйрету әдістемесін жетілдіру» мен «Шетелдегі отандастарды әдістемелік қолдау» мазмұнын негізге ала отырып, қазақ тілін оқытуды жетілдіріп келеді. 2021-2022 жылдары сынып саны 10-ға дейін артса, 2023-2024 жылдарда 8-9 офлайн сынып жұмыс жүргізді. 2025 жылы Абай институты шетелдегі 8 қалада қазақ тілі курсын ұйымдастырды. Ал биыл, яғни 2026 жылы АҚШ (Лос-Анджелес), Белгия (Брюссель), Испания (Мадрид), Корея (Сеул), Моңғолия (Ұланбатыр), Түркия (Ыстанбұл), Түркия (Анкара), Франция (Париж), Чехия (Прага) сынды елдерде қазақ тілін офлайн оқыту қолға алынды.
Біз бүгін Абай институтының бастамасымен Чехия, Франция, Оңтүстік Корея елдеріндегі оқытушылармен тілдесіп, шетелде қазақ тілін оқытудың мән-жайын сұрадық.
Шынар БАҒИЕВА, Прагада қазақ тілін оқытушы мұғалім:
«ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ СЕБЕП КӨП…»

Чехияның Прага қаласында қазақ тілінен дәріс беріп жүрген Шынар Манапқызының мамандығы – қазақ тілін басқа ұлттарға оқытатын мұғалім. Алты жылдан бері отбасымен Прагада тұрады. Оның тіл маманы екенін білген Прагадағы жұртшылық одан қазақ тілін үйретуді сұраған екен. Үйренген кәсібі болған соң, ұсынысты қабыл алып, біраз уақыт Қазақстан мен шетел азаматтарына онлайн сабақ берген.
Абай институты қолға алған жобаға қалай келгені туралы былай дейді: «Биыл ақпан айында Прагадағы Qazaq nomad қауымдастығы жетекшісі Дарина Жұмағұлмен бірлесіп, М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай поэзия кешін өткіздік. Кеш өткен соң, екі-үш күннің айналасында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жанынан ашылған Абай институтының жетекшісі Айнұр Төлеуден шетелдегі қазақ диаспорасы мен шетел азаматтарына қазақ тілін оқыту бағдарламасы аясында қазақ тілі курсын жүргізу туралы ұсыныс түсті. Ұсынысты қуана қабыл алып, Дарина Жұмағұл екеуміз қазақ тілі курсын ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеттік. Біз үшін ең қиын мәселе курс өтетін орын табу болды. Өтетін орынды жалға алуды қарастырып жүргенде, ойламаған жерден Дарина Жұмағұлдың іскерлігінің арқасында курс жүргізетін тегін, жабдықталған орын табыла кетті. Елдегі Тіл саясаты комитеті, «Тіл-Қазына» орталығы Абай институты тарапынан қолдау көрсетіліп тұрғанда, несіне аянып қалайық, курсты прагалық жұртшылық сұранысына сай ұйымдастыруды көздедік. Балалар мен ересектерге арналған топтар болатынын, тіпті төрт деңгей бойынша оқытатынымызды хабарладық. Жұртшылықтан біз күткеннен де көп өтінім түсті. Сөйтіп, жұмысты бастап кеттік.
– Курста қанша адам оқып жатыр?
– Жалпы 40 шақты өтінім түскен. Сосын сабақ кестесі, тілдік деңгейдің сәйкес келмеуі сияқты кейбір мәселелерге қарай іріктеліп, 30 шақты адам қалды. Ересектер тобы мен балалар тобын құрдық, олардың өзін деңгейі мен жас ерекшелігіне қарай бөліп оқытып жатырмын. Балалар тобына Қазақстан балабақшасын көріп үлгерсе де, мектебіне бармаған кирил әліпбиін білмейтін 6-8 жасар балақайлар жазылды. Бастауыш мектеп мұғалімі болмасам да, сол балаларға әріп танытып, қазақша үйретіп жүрмін. Балаларға әріп танытып, сауат ашудың ерен еңбек екенін енді түсініп жатырмын. Бастауыш мектеп мұғалімдеріне басымды ием.
– Олардың қазақ тілін оқуына не түрткі болған екен?
– Тіл үйренушілердің мотивтері әртүрлі. Ересектерге келер болсақ, Қазақстандықтармен бас құраған немесе бас құрағысы келіп жүрген шетел азаматтары, аударма, блог жүргізуде қазақ тілі мен мәдениетін қажетсінетіндер және алдағы уақытта Қазақстанда тұруды, қызмет етуді көздейтіндер, Димаштың жанкүйерлері деп топтастырар едім. Мысалы, тобымда аудармашы ретінде қызмет етіп жүрген екі қыз бар. Тағы бір кәсіби аудармамен айналысатын қазақстандық қыз бар, онлайн сабақ алып жүргеніне екі жыл болды, А2 деңгейден бастағанбыз, қазір В2 деңгейді оқып жатыр. Инстаграмда stepan.nomad есімімен блок жүргізетін Штепан деген чех жігіті қазақ тілімен қатар домбыра үйреніп жүр. Жақында тобымызға Орталық Азиядағы ГУЛАГ лагерлерінің ізіне зерттеу жүргізіп жүрген тарихшы, қоғамдық ұйым басшысы Штепан Черноушек деген чех азаматы қосылды. Прагадан екі-үш сағаттық жердегі Брно қаласынан Моника, Зузана есімді Димаштың жанкүйерлері онлайн сабақ алып жүр. Екеуі Прагада өтетін Наурыз, QazaqFest сияқты шараларға арнайы келіп қатысып жүреді. Қазақ тілін үйрену оларға оңайға соқпаса да, бәрі де алған беттерінен қайтпайтын қайсар жандар. Қызмет бабымен Қазақстанда екі жыл тұрған польшалық қыз – Магданың да қазақ тілі мен мәдениетіне деген ықыласы ерекше.
Ал балалар үшін шешімді ата-аналар қабылдайтынын ескерсек, көзі ашық ата-аналар балаларының ана тілінен, мәдениетінен ажырап қалмауына баса мән береді. Сондықтан бұл курстың ашылуы олар үшін үлкен олжа болды. Қазақтың «қаны тартады» деген сөзін курсқа келіп жүрген балаларға қарап түйсіндім. Олардан курсқа келгенде дәл бір атасының үйіне келгендей еркінсу, өзімсінуді байқаймын. Әсіресе, кішіректері бір-бірімен шұрқырап ойнап, шат-шадыман болады. Тілді жақсы білетіндері үйдегідей көсіліп, әңгіме айтып кетеді. Ұсақ балаларға сабақ беру оңайға соқпаса да, кеудемді қуаныш кернейді.
– Тілді оқытуда қандай әдістемеге сүйенесіздер, Абай институты ұсынған ортақ әдістеме бар ма?
– Жалпы тілді шет тілі ретінде оқытудың халықаралық стандарты бар, сол стандартқа сай оқытудың қатысымдық әдістерін, интерактивті әдістерді қолданамын. Натуралды әдіс, аударма әдісі секілді дәстүрлі әдістерді де қолданатын кездерім болады. Әр сабақта ойын элементтерін де қосып отырамын. Осы курста қолданған ерекше бір әдісім – балалармен жұмысты Қошақан деген қуыршақ ассистентіммен бірге жүргізуім. Алғашқы сабақта балаларды Қошақанмен таныстырып, «Қошақан сендерге қазақ тілін үйретуге арнайы Қазақстаннан келіпті. Сендер Қошақанды қыдыртсаңдар, ол сендерге тез қазақша үйренуге көмектеседі» деп, әр апта сайын Қошақанды бір оқушыға беріп жіберетін болдым. Қошақан алған бала оны қыдыртып, бірге суретке түсіп, Қошақанның күнделігін толтырып келеді. Күнделікті оқысаңыз, тамаша естелікке толы. Балалар онымен бірге балмұздақ жейді, мектебіне апарып, достарымен таныстырады, тіпті қасына алып жатады.
Өзіме ассистент болатын қуыршақты ұзақ іздедім. Балаларға оқу бағдарламасын дайындап жүргенде, «Қошақаным» әнін қосып отырып, «маған керегі Қошақан екен ғой» деп, басына алма түскен Ньютон секілді мәз болдым. Дереу тоқыма тоқумен әуестенетін қызыма Қошақан тоқуға тапсырыс бердім. Қошақан ассистентім дүниеге осылай келді. Балалармен «Қошақаным» әнін де жаттап алдық. Менің ойымша, кез келген қазақ баласы «Қошақаным» әнін жаттап өсуі керек. Себебі дәл осы әнде қазақ баласы үшін жазылған ұлттық код бар. Сондықтан жалпы осы Қошақаннан мықты кейіпкер жасап, өз «Пеппамызды» енгізіп жіберсек берері көп болар еді. Тіпті әннің түпнұсқасындағыдай «Жазда атамның аулына» деп қайта насихаттап жіберсек, ұлттық құндылықтарымызды бір жаңғыртып алар едік. Бұл әдісті мен Прагадағы балаларым оқыған британ мектебінің мұғалімі Ферьгюсон ағайдан көрген едім, оның қуыршағы Рокси есімді түлкі болатын.
Тіл оқытуда инновация ретінде енгізіліп жатқан «жаңаның» бәрі – бір кезде қолданылып, көмескіленген ескі дүниелер. Әдістеме жасау оқу құралын шығарумен шектелмейтін, әлдеқайда ауқымды, жүйелі, кешенді жұмыс.
Абай институты шетелдегі сыныптарының қазақ тілі курсын оңтайландыру үшін жыл сайын әдіскерлерге біліктілік арттыру курсын өткізеді екен. Үш күн қатарынан қазақ тілін екінші тіл ретінде, шетелдіктерге үйрету тұрғысынан, жалпы тіл үйретудің инновациялық әдістерімен өз мамандарын таныстырады. Арнайы мықты әдіскер ғалымдарды дәріс оқуға шақырады екен. Ұсынылған әдістердің арасынан өзіңе жақынын таңдап алуға болады, сонымен қатар әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік ашылған. Сонымен қатар Абай институты жобасы аясында қазақ тілін оқытуға қажет оқу-әдістемелік кешен дайындап, қолдануға қолжетімді етіп қойды (институт сайтындағы оқу құралдарын, бейне, аудио материалдарды тегін, қалағаныңызша қолдануға болады). Ондағы мамандар кез келген мәселе бойынша жолданған сауалымызға жауап беріп, бағыт-бағдар беріп отыр. Айнұр Төлеуге бізге «Әліппе» керек деп бірауыз өтініш білдіріп едім, ертесіне pdf форматтағы әліппені дайындап бере қойды.
Бір кездері қазақ тілін оқытатын интерактивті оқу құралдары тапшы болатын, бекітілген лексика-грамматикалық минимум да жоқ еді, әркім өзінше анықтап, қолданып жүретін. Қазір осы мәселелердің бәрін «Тіл-Қазына» орталығы мен Абай институты шешіп, оңтайластырып қойды. Сондықтан «Тіл-Қазына» орталығы мен Абай институты басшылығы мен қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
– Қазақтың қарапайым азаматы ретінде жер шарының бір бөлігінде қазақ тілін оқытып жүргеніңізді ойлағанда қандай сезімде боласыз?
– Мен үшін бұл қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Алматыда жұмысымды қалай атқардым, Прагада да дәл солай. Кейде өзімді Қазақстанда жүргендей сезінемін. Адал қызмет еткісі келген адам қайда болса да өз қызметін атқара береді екен. Қызмет етуге ниетің болса, сен жұмысты емес, жұмыс сені табатынына көзім жетті. Шетелдегі отандастардың ана тілін, төл мәдениетінен ажырап қалмауына қолдау білдіріп, шетелдік азаматтарға қазақ тілінің насихатталуына қолдау көрсетіп жатқан Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетіне, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Абай институтына алғыс білдіремін. Курс үзіліп қалмай, әрі қарай жалғасса, қатыса берер едік дейтін тіл үйренушілер көп. Қолдау көрсетілсе, елден тысқары жерде де тілге қызмет көрсетуге қашанда дайынбыз.
Динара ҚОШҚАРБАЕВА, Сеул қаласында қазақ тілін оқытушы мұғалім:
ҚАЗАҚ ПЕН КӘРІС ТІЛІНДЕ ГРАММАТИКАЛЫҚ ҰҚСАСТЫҚ БАР

Қазақ тілін Оңтүстік Кореяның астанасы Сеуіл қаласында оқытып жүрген Динара ханым тіл үйренушілердің белсенді екенін айтады. Ол қазір 10-нан аса адамға қазақ тілін үйретіп жүр.
– Сізден дәріс алушылардың қазақ тілін оқуына не түрткі болған екен?
– Бізден дәріс алуға келетін азаматтардың мотиві әртүрлі. Бірі Қазақстанды ұнатып оқитын болса, бірі анасы немесе жұбайы Қазақстан азаматы болған соң бастаған. Ал кейбіреулері Қазақстанға саяхат жасау үшін үйреніп жүр. Барлығы кәріс азаматы, олардың тілді үйренуге ынтасы зор. Дегенмен, кәріс халқына жат қазақ әліпбиіндегі кейбір әріптерге тілі келмей қиналады. Мысалы ә, ұ, ү, ө, қ, әріптерін үйрену оларға қиындау. Қазақ тілі мен кәріс тілінде грамматикалық тұрғыда ұқсастық бар. Бұл тіл үйренушілерге жақсы.
– Тілді оқытуда қандай әдістемеге сүйенесіздер, Абай институты ұсынған ортақ әдістеме бар ма?
– Абай институты берген оқу-әдістемелік құралдарды сабақ барасында қолданып жүрмін. Жақында өткен онлайн семинар біраз көмегін берді. Кореяда қазақ факультеті болғанымен, осындай қарапайым жұртқа қазақ тілі курсы алғаш ұйымдастырылды. Сабақ барысында білім алушыларды қағаз көшірмелері мен карточкалардың көмегімен үйретемін. Жеке уатсап тобымызға ютуб каналындағы бейнелерді бөлісемін, сабақтан тыс бос уақыттарында көреді.
Кореяда кәріс азаматтарына балабақша, мектептерде 15 жыл бойы Қазақстан мәдениетін тану сабағынан дәріс беріп келемін. Арасында 60-75 жастағы үлкен кісілер мен шет тілдер университетіндегі студентерге де сабақ бергенім бар. Жылына шамамен 900 сағатта жуық сабақ береді екенмін. Ал жеке қазақ тілін оқытуды Абай институтының демеуімен бастадым. Сонымен қатар Сеуілдегі Қазақ үйіндегі білім және мәдениет бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрмін.
Құралай ҚАЛИЕВА, Францияда қазақ тілін оқытушы маман:
ДИМАШТЫҢ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚУҒА ЫНТАЛЫ

– Абай институтының бастамасымен шетелде қазақ тілін оқытуды қолға алған екенсіз. Бұл іс қалай басталды?
– Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығына қарасты Абай институты әр елде қазақ тілін оқуға ниеті бар үйренушілерге қазақ тілін оқыту ісін бастаған. Мен Францияның Париж қаласында офлайн режимде қазақ тілін оқытамын. Парижде менен сабақ алып жүргендер арасында француз ұлтының өкілдері, Қазақстаннан көшіп келген қазақ отбасылары, қазақстандық өзге ұлт өкілдері мен олардың балалары бар. Одан бөлек, Түркиядан қоныс аударған өзіміздің қарагөздеріміз де оқиды.
– Қазір қанша адам оқып жатыр?
– Әр жылы оқушылар саны әртүрлі болады. Оларды ересектер тобы және балалар тобы деп екіге бөліп оқытамыз. Негізгі мақсатымыз – қазақ тілін оқытып қана қоймай, тіл арқылы ұлтымыздың мәдениетін, тарихын да таныстыру. Қазақ мәдениеті мен тарихынан аздаған хабары болса, оны әрі қарай дамыту. Биыл, мысалы, он бес адам оқып жүр, оның сегізі ересек адам, қалғаны балалар. Балалардың жас ерекшеліктері де әрқилы. Жалпы алғанда үш жас пен он екі-он бес жас аралығындағы балалар.
– Олардың қазақ тілін оқуына не түрткі болған екен?
– Тіл үйренушілердің мотивтері де әртүрлі. Француз ұлтының өкілдері: «Қазақстанды жақсырақ білсек, сол елге турист болып барсақ, тілді толық, өте керемет деңгейде меңгеріп кетпесек те, бастапқы А1, А2 деңгейінде, сауда-саттық жасаған кезде білетіндей деңгейде үйренсек» деген ниетпен оқиды. Қазақстаннан келгендердің арасында елде жүргенде орыс тілінде сөйлесіп, осында келіп қазақша үйренуді қолға алғандар да бар. Түркиядан келіп қоныстанған қандастарымыз: «Ата-бабамыздың тілі. Бір тілде сөйлесек – бір ұлтпыз» деген принципті ұстанып, өз ана тілімізді білу парыз деген оймен оқиды. Қазақ тілін үйреніп жүрген француз ұлтының өкілдерінің арасында Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бар. Олар Димаш айтып жатқан әндердің сөзін түсіну үшін, мағынасына терең бойлау үшін тілді үйренсем, біраз сөйлей алсам деген ниетпен келеді.
– Қазақ тілін үйрене бастаған адамдардың ынтасынан қандай ой түйесіз?
– Тіл үйрену өте күрделі процесс. Бұрыннан білетін адамдарға тілді ары қарай жалғастырып оқу, әрине, жеңілірек. Ал әр әріпті жаңа үйренген адамдар ұзақ та күрделі процестен өту керек. Кейбір тіл үйренушілердің тұрақты жұмысы, оқып жүрген оқуы болғандықтан, үй тапсырмасын үнемі орындап, үйренген нәрсесін пысықтап отыруға мүмкіндігі жоқ. Аптасына бір күн, екі сағат немесе үш сағат қана оқытуға мүмкіншілігіміз бар. Сол уақытты тиімді пайдаланып, қазақ тіліндегі сөздерді әріптеп, әріптерді жіктеп оқып, аз болса да мәтінмен жұмыс істеп, жаттығу орындап кететін адамдар да бар.
Тіл үйренгенде белгілі бір деңгейге жету әр адамның алдына қойған мақсатына байланысты. Біреулер, мысалы, А1, А2 деңгейінде үйренсем жеткілікті деп ойлайды. Енді бірі одан да тереңірек біліп, үйренсем деп мақсат етеді. Сол талабына қарай жұмыс істейді. Ал балалар саналы түрде: «Тілді білуім керек» деп ой қорыта алмайтыны белгілі. Олар ата-ананың талабын орындауға тырысады. Оларға тіл үйретуде әртүрлі ойын тәсілдерін қолданамыз, барынша қызықтырамыз. Алайда, жан-жағымыздағы адамдардың барлығы өзге тілде сөйлегендіктен үйренген тілді практика жүзінде бекіту мүмкін емес. Бұған бізге берілетін сағат санының аздығы да себеп болады. Егер бізге берілетін сағат саны көбейсе, тіл үйренушілердің ынтасы арта түсе ме деген үміт бар. Аптаның бес күнінде адамдар жұмыста, балалар мектепте. Біздің еншімізге тиетіні – сенбі ғана. Әзірге сол күнді тиімді пайдалануға күш салып жатырмыз.
– Тілді оқытуда қандай әдістемеге сүйенесіздер? Абай институты ұсынған ортақ әдістеме бар ма?
– Абай институты бізге жыл сайын шетелде қазақ тілінен сабақ беріп жүрген мұғалімдердің басын қосып, тамыз айларында, мамыр айында, біліктілік арттыру үшін әдістемелік семинарлар өткізіп тұрады.
Ол әдістемелік семинарларда Қазақстанда қазақ тілін жеделдетіп оқыту немесе тереңдетіп меңгертуде белгілі бір жетістікке жеткен майталман қазақ тілі мамандары өздерінің тәжірибелерін бөліседі. Біз оны өз жұмысымызда пайдалануға тырысамыз.
Қазір Абай институты шетелде қазақ тілін оқытатын мұғалімдерге тікелей әдістемелік көмек көрсетіп, дидактикалық материалдарға еш кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасап отыр. Бір нәрсе жетіңкіремей жатса, институттағы мамандарға тікелей телефон шалып сұраймыз. Ылғи да кітаптардың PDF форматтағы электронды нұсқаларын сұратамыз. Одан кейін Абай институтының платформасындағы электронды көрнекіліктерді қолданамыз.
Платформада түрлі бейнематериалдар, бейнероликтер, балалар фильмінен үзінділер аударылып қойылған. Әр грамматиканы, тіліміздің грамматикасын оқытуда түрлі жаттығулар, оның негізгі анықтамаларынан бастап, тіл үйренуші адам үшін қажет дүниенің барлығын уақытылы жүктеп отырады.
– Қазақтың қарапайым азаматы ретінде жер шарының бір бөлігінде қазақ тілін оқытып жүргеніңізді ойлағанда қандай сезімде боласыз?
– Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жоғары оқу орнында қызмет еткенмін. Қазір отбасыммен Францияда тұрып жатқандықтан, тіл үйренем деген азаматтарға қолымнан келгенше пайдамды тигізгім келеді. Елден жырақта жүріп, өзімнің ана тілімді, яғни қазақ тілін, насихаттап жүргеніме шексіз қуанамын.
Елде жүрген кезде де, сонау Францияда жүргенде де қазақ тілінің өрісін кеңейтуге барын салып жүрген Құралай ханым «қазақ тілін шетелде оқыту ісі екі-аяғын тәй-тәй басқан бүлдіршін секілді жаңа жоба» дейді.
«Бұл істе әлі де ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге жетпедік, алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Елдегі Абай институтымен бірлесе отырып, тілді оқытудағы белгілі бір әдістемелерді зерттеп, зерделеп, белгілі бір нәтижеге жеткен мықты мамандармен бірлесе жұмыс істеу керек. Қазақ тілінде сөйлейтін орта жоқта қазақ тілін оқыту оңай емес, сол себепті бұл ұзақ мерзімді, кешенді, жүйелі іс деп санаймын. Ол асқан төзім мен табандылықты қажет етеді. Қазақ тілін оқытатын әдістемесі мығым кітап қажет екенін осы істі нақты қолға алғанда түсініп жүрміз. Француз тілін шетелдіктерге үйретуде мыңдаған кітап бар. Сіз олардың ішінен өз психологияңызға, білім деңгейіңізге қарай таңдап, сол арқылы оқитын болсаңыз, тез меңгеруге болады.
Өкінішке қарай, бізде ол жағы әлі кенже қалып тұр. Әдістемелік оқулықтар көп болса, біздің жұмысымыз да жеңілдей түсер еді.
Бұл енді бүгінгінің ісі емес. Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген аталы сөз бар ғой. Уақыт өте келе тәжірибемен жетілетін іс деп ойлаймын.
Қазақ тілін шетелде оқыту – бұрын-соңды болмаған ұлы іс. Осы бір ұлы іске аз да болса үн қосып жүргенімді ойласам, кеудемді қуаныш кернейді».
Мақаланың кіріспесінде жазғанымыздай, бұдан жарты ғасыр бұрын қазақ тілінің әлемнің әр түкпірінде оқытылатынын елестету қиын еді. Ал бүгінде қазақ тілін шетелде оқыту – жай ғана тіл үйрету емес, ұлттық рухты, мәдениетті, тарих пен салт-дәстүрді насихаттайтын маңызды міндетке айналды.
Әлемнің әр түкпірінде қазақ тілін үйренуге ынталы жандардың көбеюі – ана тіліміздің халықаралық деңгейде танылып, оған деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бағытта Абай институты атқарып отырған істің маңызы зор. Прага, Париж, Сеул, Лос- Анджелес, Мадрид, Брюссель, Ұланбатыр, Анкара мен Ыстанбұл қалаларында еңбек етіп жүрген оқытушылардың тәжірибесі қазақ тілін үйретуге сұраныстың бар екенін ғана емес, оны сапалы ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар екенін де дәлелдеп отыр. Бұл – осы уақытқа дейін атқарылған жүйелі еңбектің нәтижесі. Ең бастысы, мұндай бастамалар қазақ тілінің халықаралық кеңістіктегі өрісін кеңейтіп, оның болашағына деген сенімді нығайта түседі.
Назым ДҮТБАЕВА
Дереккөз: https://aqiqat.kazgazeta.kz/news/13025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1260860?lang=ru

Жауап қалдыру