
Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша Алматы облысында экономика өсімі 114,8%-ға жетіп, республика бойынша алғашқы үштіктің қатарына енді. Бұл көрсеткіштің негізгі қозғаушы күші – өнеркәсіп саласы. Өңірде әсіресе өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалады. Жаңа өндіріс орындарының саны артып, қолданыстағы кәсіпорындардың қуаты ұлғайып келеді. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 2,7 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыс экономикасына 532,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 18,5%-ды құрады. Бұл туралы 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыс қорытындысына арналған әкімдік отырысында айтылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Марат Сұлтанғазиев төрағалық еткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері және өзге де жауапты мамандар қатысты. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің атқарылуы қаралып, алдағы міндеттер айқындалды. Кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту барысы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар құрылыс қарқынын арттыру, жылыту маусымына дайындық, елдімекендерді селден қорғау және ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды.
Өңір экономикасының жетекші бағыттарының бірі – агроөнеркәсіп саласы. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 594,7 млрд теңге болатын 43 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл 106,3 млрд теңге көлеміндегі 9 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Аймақ басшысының айтуынша, жобаларды іске қосып қана қоймай, толық қуатында жұмыс істеуін, нақты нәтиже көрсетуін назарда ұстау қажет. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысын күшейту, субсидиялардың тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізу маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Әкімдік отырысында шағын және орта бизнесті қолдау барысы да кеңінен талқыланды.
«Әрбір қолдау шарасы жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын құруға және бюджет кірісін арттыруға бағытталуы тиіс. Инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруі – тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселе. Бұл жұмыс тек бағаны бақылаумен шектелмеуі тиіс. Өсім себептерін анықтау, алдын алу шараларын қабылдау, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, тауар қорын қалыптастыру және баға тұрақтылығын сақтау бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет», – деді облыс әкімі.
Өңірде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, соңғы 6 айда 172 млрд теңгеден астам қаржыға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 843,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әкімдік отырысында осы қарқынды төмендетпей, жоспарланған нысандардың уақытылы аяқталуына және құрылыс сапасының талапқа сай болуына баса назар аударылды.
Жиында жетістіктермен қатар, кейбір салалар бойынша кемшіліктердің бар екені сөз болып, оның себептері мен шешу жолдары қаралды. Мысалы, ауыл шаруашылығы, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларында бірқатар жетіспеушіліктер бар. Облыс әкімі жауапты мамандарға жедел түрде шешім қабылдап, олқылықтың орнын толтыруды міндеттеді.
«Қол жеткізілген нәтижелерге босаңсуға болмайды. Бірқатар бағыттарда әлі де өзекті мәселелер бар. Алдымызда ауқымды міндет тұр. Биыл жалпы өңірлік өнім көлемін 7,4 трлн теңгеге жеткізуіміз қажет. Бұл экономикаға қосымша 730 млрд теңге көлемінде өнім қосуды талап етеді. Мұндай нәтижеге экономиканың барлық саласында тұрақты өсімді қамтамасыз етпей қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Бұл – барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігі», – деді Марат Елеусізұлы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1260271?lang=ru

Жауап қалдыру