
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев және мемлекеттік еңбек инспекторлары Самал Убигалиева мен Айгүл Ахатова, Атырау қаласы Полиция басқармасының Ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Максим Досқалиевпен бірлесіп кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейд барысында қоғамдық тамақтану орындары, сауда нысандары, қызмет көрсету саласы кәсіпорындары және кәмелетке толмағандардың еңбек етуі ықтимал өзге де жұмыс орындары қамтылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің заңсыз еңбекке тартылуының алдын алу, еңбек заңнамасының талаптарының сақталуын бақылау және олардың қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу.
Рейд барысында жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптары түсіндіріліп, кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау және еңбек қатынастарын рәсімдеу тәртібі бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жасөспірімдердің еңбек құқықтарын бұзуға жол бермеу, еңбек шартын міндетті түрде жасасу, жұмыс уақытының ұзақтығы мен еңбек жағдайларына қойылатын талаптарды сақтау қажеттілігі жөнінде ескертілді.
Осындай бірлескен профилактикалық іс-шаралар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, заң бұзушылықтардың алдын алуға және еңбек қатынастары саласындағы құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті алдағы уақытта да құқық қорғау органдарымен бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыратын болады.
https://www.facebook.com/share/v/194C9QZHkY/

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-inspekciya/press/news/details/1260737?lang=ru

Жауап қалдыру