Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері газ баллоны жарылып, денесінің 89 пайызын күйік шалған 26 жастағы азаматтың өмірін сақтап қалды. Бір ай бойы ем қабылдаған науқас бүгінде үйіне шығарылды.
Оқыс оқиға маусымның 18-інде болған. Ер адамның үй ауласындағы шаруашылық қорада тұрған газ баллоны жарылып, салдарынан ол жалын шарпыған ауыр күйік алған. Зардап шегуші №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіліп, жағдайының тым ауыр болуына байланысты бірден анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.
Дәрігерлер тексеру барысында науқастан жарылыс толқынынан болған жарақатты, дене бетінің 89 пайызын қамтыған термиялық күйікті, оның 15 пайызының терең күйік екенін, сондай-ақ сол қолының жұмсақ тіндері едәуір зақымданғанын анықтады. Ауруханаға түскен алғашқы минуттан бастап күйіктік шоктың алдын алуға бағытталған қарқынды ем жүргізілді.
Сол күні-ақ оның зақымданған қолына шұғыл ота жасалды. Кейін емдеу күйік бөлімшесінде жалғасты. Осы уақыт аралығында науқас бірнеше кезеңнен тұратын хирургиялық емнен өтті. Оған өз терісін көшіріп салу (аутодермопластика) және жарақаттанған қолды қалпына келтіруге арналған реконструктивтік оталар жасалды. Бұған қоса дәрігерлер күн сайын өмірлік маңызды ағзалардың жұмысын, зертханалық және аспаптық тексерулердің нәтижесін жіті бақылап, емдеу тәсілін науқастың жағдайына қарай үздіксіз түзетіп отырды.
Бір айлық емнен кейін науқас стационардан шығарылды. Осы уақыт ішінде ол өздігінен жүріп-тұрып, күнделікті тұрмысын өзі атқара алатын деңгейге жетті. Алда ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұрғанымен, дәрігерлер ең басты міндетті орындады – азаматтың өмірін сақтап қалып, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1260836?lang=ru

Жауап қалдыру