Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасымен өткізіліп жатқан Invest Caravan акциясы аясында Абай облысының прокуроры Нұрсұлтан Рақышев «MIRYILDIZ KZ Ltd» жеке компаниясының бас директоры Эмрах Эрдеммен кездесті.
Кездесу барысында «Жанан» алтын кен орны үшін металлургиялық зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды. Инвестор жобаны іске асырудың қазіргі кезеңі туралы айтып, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қолдауын қажет ететін бірқатар мәселелерді көтерді.
Облыс прокуроры инвесторларға құқықтық қолдау көрсетудің қолданыстағы тетіктерін, оның ішінде прокурорлық сүзгі институтын және прокуратура органдары жанынан құрылған инвесторларды сүйемелдеу жөніндегі арнайы топтардың жұмысын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ прокуратура органдары инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, кез келген әкімшілік кедергілер мен олардың заңды құқықтарының бұзылуына жедел ден қоюға дайын екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша инвестор көтерген барлық мәселелер бақылауға алынды. Сонымен қатар инвестициялық жобаны сүйемелдеу және оны кедергісіз іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.
Өз кезегінде Эмрах Эрдем прокуратура органдарымен өзара іс-қимылдың тиімділігін атап өтіп, көрсетілген қолдау мен бұған дейін туындаған мәселелердің жедел шешілгені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру барысында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Абай облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-abay/press/news/details/1260308?lang=ru

Жауап қалдыру