
Өңір басшысы қала активімен кездесіп, Ақсу қаласының 65 жылдығы мен Металлургтер күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Асайын Байханов қала тұрғындары мен металлургия саласының қызметкерлерін Ақсу қаласының 65 жылдық мерейтойымен және кәсіби мереке – Металлургтер күнімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше рет: «Еліміздің ең басты байлығы – адам. Ал мемлекеттің тірегі – адал еңбек», – деп атап өткен болатын. Бұл қағида Ақсу қаласының тарихы мен дамуын айқын сипаттайды. 65 жыл ішінде қала шағын жұмысшы кентінен Қазақстанның ірі индустриялық әрі стратегиялық маңызы бар өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды. Бұл жетістіктердің барлығына бірнеше буын ақсулықтардың қажырлы еңбегінің арқасында жеттік. Әрбір жанға шынайы алғысымды айтып, зор құрметімді білдіремін, – деді өңір басшысы.
Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ Ақсу қаласының 65 жылдығы мен Металлургтер күніне орай «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгісімен денсаулық сақтау саласының ардагері Бақытжамал Нұралдинова, «ТҰК «Қазхром» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының ферроқорытпа балқытушысы Ержан Жанәділов және «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның слесарі Балабек Әлиев марапатталды.
Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен өнеркәсіптің, әлеуметтік саланың және қаланың қоғамдық өмірінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген Ақсу қаласының бірқатар тұрғындары марапатталды.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Асайын Байханов қалада салынып жатқан жаңа бассейннің құрылысымен танысты. Нысанның іргетасын орнату, қабырғаларын қалау, жабын плиталарын орнату және сумен жабдықтау инженерлік желілерін тарту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта бассейн тостағанын монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар өңір басшысы магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Жобаға сәйкес диаметрі 720 мм болатын пенополиуретанмен оқшауланған заманауи құбырларды пайдалана отырып, ұзындығы 1,5 км жаңа жерасты жылу магистралін салу көзделген. Бүгінде ескі құбырдың 400 метрі алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.
Өңір басшысы жаңа қалалық саябақтың құрылысына да ерекше назар аударды. Қазіргі таңда мұнда жалпы жұмыс көлемінің 40%-дан астамы орындалды. Алаңда тас төсеу, спорт алаңдарын салу, сыртқы жарықтандыру, электрмен жабдықтау желілері мен автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жоба жаңа нысандармен толықтырылды. Саябақ аумағында қоғамдық дәретханалар, фудкорт аймағы, иттерді серуендетуге арналған алаң, мемориалдық кешен және суару жүйесіне арналған блокты-модульді станция салынатын болады.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Ақсу қаласын дамыту өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтіп, барлық жобаларды заманауи сапа, жайлылық және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1260321?lang=ru

Жауап қалдыру